Кішкентай балаларға қатысты қайғылы оқиғалардың жиілеп кеткенін Төтенше жағдайлар комитетінің өкілдері айтып дабыл қағуда. Ата-аналарға қанша рет ескерту жасалса да балаларын қараусыз қалдыру жайттары азаймай отыр екен.
Әсіресе сәбилердің терезеден құлап кетуі, суға батып кетуі сынды оқиғалар жиі тіркеледі екен. Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында 7 жасар баланың жалғыз өзі шомылуға кетіп, өзенге ағып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз. Енді құтқарушылар Астана мен Екібастұзда екі баланың терезеден ауып кетіп қайтыс болғанын мәлімдеп отыр.
«2 маусымда Екібастұздағы тұрғын үйде ересектердің қарауынсыз қалған 2016 жылы туған бала төртінші қабаттағы терезеден құлап кетті. Алған жарақатынан бала ауруханада көз жұмды. Сонымен қатар дәл сол күні сағат 13:50 кезінде Астанадағы Сарыарқа ауданы аумағындағы үйдің алтыншы қабатының терезесінен бала құлады. Бұл жағдайда да 2012 жылғы сәби ауруханада қайтыс болды», - делінген ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Мамандар ата-аналардан балаға сақ болуын сұрап отыр. Айтуларынша, сәбилер терезеге жиһаздар арқылы өрмелеп шығады екен. Сондықтан терезе маңына мүмкіндігінше ешқандай жиһаз қоймау керек дейді олар.