05.06.2018, 08:38

Денсаулық сақтау министрі Тоқаевтың менингитке қатысты сынына жауап берді

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың менингитпен күреске қатысты сынына жауап берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетсек, Сенат Төрағасы Денсаулық сақтау министрлігін «Менингитпен күресте сылбырлық танытты» деп айыптаған болатын.

«Менингитпен күресте, халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде қандай да бір кемшіліктердің болғанын мойындаймыз. Себебі, қоғаммен өзара байланыс форматы айтарлықтай өзгерді. Біз әлеуметтік желіде жұмыс істеуді үйреніп жатырмыз, бұл тұрғыда барлық ресурсты қолданбадық. Бұл сынмен келісеміз», – деді Біртанов Үкіметте журналистерге берген сұхбатында.

«Ал эпидемияға қарсы шараларға келсек, олар Денсаулық сақтау министрлігінің стандарттары мен хаттамаларына, халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіліп келеді және жүргізіледі. Медициналық көмекті ұйымдастыруда, иә, сын-ескертпелер бар, онымен келісеміз. Бұл тұрғыда жұмыс істейміз және кемшіліктерді жоямыз», – деп өз сөзін толықтырды ол.

Сонымен бірге, министр бүгін Алматы облысы мен Алматы қаласына іссапармен баратынын еске салды.

«Ең алдымен, республикалық штаб жоспарлаған және белгілеген шараларды атқарудың тиімділігін бағалап көргіміз келеді. Бұл Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті жүргізетін алдын алу және эпидемияға қарсы шаралар. Олардың қаншалықты тиімді жүргізіліп жатқаны тексеріледі. Аурудан көз жұмған науқастардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз және мүмкіндігінше олармен кездесуге тырысамыз», – деді Елжан Біртанов.