05.06.2018, 10:23

Адамдар аузына келгенін айтты: Танымал блогер бір көзінен айрылған қызға қомақты ақша жинады

«Жаным баклажаным» деген атпен танымал Айдын Тоқсанбаева бірнеше аптадан бері отшашудан 1 көзінен айрылған қызға ақпараттық қолдау көрсетіп, өзі де ақша жинауға кірісіп кетті. Бүгінде қомақты қаржыға қол жеткіздік деген ол көптеген адамның қайырымдылық жасамағанымен қоймай, тілдеп кеткенін айтты.

11 жасында бір көзінен айрылған Римма Асқароваға күрделі операция жасау үшін 16 миллион теңге қажет.

Алматыдағы саябақтардың бірінде Римманың еміне қаржы жинауға барғанда көбісі қызды тілдеп кетіпті.

“Римма Асқаровадан кешірім сұраймын. Неге десеніз?! 1.06.17 күні біз Горький паркінің алдында домбыра, гитара, ән айту, би билеумен xалықты 5-10 теңге болса да Римманың еміне атсалысуға шақырдық. Қолымыздағы суретке үңіліп қарағандар түсінді, қасымызда тұрған Римманы да көріп олар барынша атсалысты, бірақ көпшілік назар аудара қоймады.

Мен шыны керек xалықтын назары Риммаға түссе бейжай өтпейтінің түсініп мың ойландым “не істейін?” деп. Ақыры көзін байлап, суретін қолына ұстатып, тұрғызып қою ең дұрыс ой секілді болды. Оны Риммаға “айтайын ба, айтпайын ба, қалай қабылдар екен деп қатты уайымдадым.

 “Қатты қиын болса керек емес” деп айтқаным сол еді “тұр десеніз тұрамын” деді. Қазір көпшілік оқып жатып ол қыз қандай күйде болғаның түсіне қоймас, бірақ мен үшін қасында тұрудың өзі ауыр болды. 21 жасар қыз достарының алдында елден көмек сұрап, амалсыздан қол жайды.

Көзін байлап жатқанымда менің қол-аяғым дірілдеп кетті, көзім жасқа толды, байлағанымда Римма еңіреп жылап тұрды.

Римманың киген киіміне қарап, көбісі оны «мұқтаж адам емес» деп кетті. Сонда қалай? Бір көзім көрмейді деп жыртық киіммен жүру керек пе? Киімі қымбат болмаса да, дүкендерден алынбаса да өзін таза ұстап, ұқыпты кигенінің арқасында сұлу қызға не кисе де жарасады. Көзі ерекше болса да, әдемі болып жүргенің көре алмаушылық па? Қыдырады деп тағы сөгетіндер бар, сонда үйінен шықпау керек па? Көзім осындай деп 4 қабырғада отырып ауру болу керек пе?

Римманы қолдайтын жүректері мейірімге толы жандарға мың алғыс, әсіресе, қасында жүріп әр шараға атсалысып жүрген достарына рахмет! Дәл қазір сіз, біз болып Риммаға 5 млн 806 мың 754 теңге жинадық! Міне, бірлігіміздің арқасы!” – деп сөзін аяқтады блогер.

Айта кетейік, Айдын бұған кейін Риммамен бірге бағасы 2 жарым мың теңге тұратын құлпынайды 7 мың теңгеге сатып та ақша жинаған.