06.06.2018, 05:43

Біреуге — жан, біреуге мал қайғы: алматылық дәріханалар менингитті пайдаланып, маска бағасын қымбаттатып жіберді

Алматыда бірнеше дәріхана медициналық маскалардың бағасын бірден қымбаттатып жіберді деп жазады Tengrinews.kz. Бұған дейін небәрі 20 теңгеге сатылып келген кішкентай шүберек қазір 70 теңге тұрады.

Кейбір дәріханаларда маскалар мүлдем жоқ, тұрғындар оларды жаппай сатып алып жатқан көрінеді. Алматылық Гүлназ Имамниязова есімді тұрғын Қазақфильм маңындағы дәріханалардың бірінде қарапайым медициналық масканы 210 теңгеге сатып жатқанын айтты.

"Біздің мектепте маскалық режим енгізді. Балам мектепке барды, мен оған бәрімізге маска сатып ал деп ақша бердім. Екі дәріханада маска болмапты, үшіншісінде бір маска үшін 210 теңге сұраған. Әрине, ұлым оны сатып алмады. Бұрын ары кетсе 50 теңгеге алатын едік", - дейді ол.

Айта кетейік, дәл қазір елімізде менингит ауруы өршіп тұр. Бүгінге дейін 12 адам аталған кеселден көз жұмса, тағы ондаған адам аурухана төсегінде. Республиканың бас санитралық дәрігері Жандарбек Бекшин ауруды алдын алу мақсатында медициналық маска пайдалануға кеңес берген болатын.