Қазақстандық танымал боксшы Жанқош Тұраровтың сақалды жігіттердің тобында төбелесіп, атысқаны бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Артынша аталған видеоролик әлеуметтік желілерге тарап кетті.
Видеоны бөлісіп жатқандар Жанқош Тұраровқа қастандық жасалғанын айтуда. Дегенмен, боксшының өзі болса мұны қарапайым төбелес, ешқандай қастандық емес дейді.
«Бұл оқиға осыдан бір аптадай бұрын Алматыда болды. Оны жұртқа таратудың не керегі бар? Бұл жігіттердің арасындағы әңгіме. Тек ерегісіп қалдық. Қарсы топтағылардың бірі оқ атты, бәрі қашып кетті. Полицияға арыз жазылған жоқ, олар да өз таныстарымыз, қашып кетпек болды, бірақ ұстап алдық. Ешкім ешкімді жараламады», - деді Тұраров. Айта кетейік, 28 жастағы Жанқош Тұраров кәсіпқой рингте 22 жекпе-жек өткізіп, оның бәрінде жеңіске жеткен, 15-ін нокаутпен аяқтаған.