«100 жаңа есім» жобасының бірнеше жеңімпазы Бостандық Ауданындағы Мега кешенінің алаңында, ашық аспан астында алматылықтармен жүздесіп, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, түрлі проблемадан шығудың жолдарын айтты. Әрі кез-келген салада жетістікке жетудің сырларымен бөлісті.
Бейбіт күннің батырлары қала тұрғындарымен Меdіatalks жобасының аясында еркін тақырыпта пікір алмасып, өмірдің әр кезеңінде адам басынан өтетін түрлі қиындықтарға қалай қарсы тұрып, қалай оны жеңіп шығуға болатынын сөз етті. Мысалы, параолимпиадашы Серік Есматов өз тәжірибесімен бөлісіп, шектеулі мүмкіндігіне қарамай қалай жеңімпаз болуға болатынын дәлелдеді. Әке-шешесінен жастай айырылып, жетімдер үйіне түскен Әзиз Зайыров жаман аурумен күресіп, ішкілікке салынып кетіп, үйсіз-күйсіз далада қалып, уақыт өте қалай есін жиып, бүкіл өмірін қолға алғандығын айтып, жиналғандардың ыстық ықыласына ие болды.
– Тыңдармандарға қалай жарақат алып, қандай қиындықтармен күресіп, бүгінгі адам қалпыма келу үшін қандай жолдардан өткенімді айттым. Менің тағдырым олардың өз өміріне жаңа көзбен қарауға, өмірде «мүмкін емес» деген нәрсенің жоқ екеніне сендіріп, жаңа шабыт сыйлаған сияқты. Осындай кездесулердің жиі өтіп тұрғанын қалаймын, адамдармен көзбе-көз тілдесудің баға жетпес құдіреті бар. Бүгінгі кездесу өзімнің де көңілімнен шықты, – деді Серік Есматов.
Medіatalks осы жолы Алматыда бірінші рет ұйымастырылды. Ал еліміз бойынша төртінші рет өткізілуі. Бұл жоба – «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарының өмір тарихын, қиындықтармен күресіп, қалай жеңіп шыққандығын өз аузымен айтатын еркін пікір алаңы.
Шынайы оқиғаларды кейіпкердің өз аузынан естіген алматылықтар бұл жеңімпаздардың өз араларында жүрген қарапайым қазақтың баласы, осы елдің азаматтары мен осы қаланың тұрғындары екендіктеріне көз жеткізіп қайтқандай болды.
Бейбіт күннің батырлары кез- келген салада өзінің жұлдызын жарқырата алудың нағыз қарапайым мысалдары, сондай қарапайым мысалдардың қарапайым өкілдері. Олардың бәрі сіз бен біздің ортамызда жүр. Әркім өз жұлдызын жарқыратуға, әркім мынау кірпіш дүниеден өз кетігін тауып, ойып тұрып өз орнын алуға қабілетті.
«100 жаңа есімнің» әрбір кейіпкерінің басынан өткен оқиға Қазақстанда, сіз бен біздің ортамызда жүрген әрбір қазақтың басынан өткендігімен құнды.
Оның үстіне бұл форум барынша ашық, көпшілікке қолжетімді форматта ұйымдастырылды. Әрі интернет арқылы тікелей желімен тамашалағандар да болды.
Дереккөз: «Алматы ақшамы»