Таразда тұл жетім қалған Меруерт пен Медеттің тағдыры жұртты жылатты. Ата-анасы жол апатынан қайтыс болған екеудің қазір қарайласар туыс әпкесінен басқа ешкімі жоқ. Бұлардан бөлек 2 баласын бағып отырған Дәмештің де жағдайы мәз емес.
“Бұл балақайлар Тараздың Қордайының Көктөбе ауылында тұратын Медет пен Меруерт. Медет 10 жаста, Меруерт 8-жаста. 2013 жылы 24 тамыз күні Алматы-Қордай трассасында ата-анасы жол апатынан бір сəтте қайтыс болады.
Балалардың əкесі жалғыз ұл болатын. Əкелерінің əпкесі Дəмеш осы балаларға қазіргі таңда қарап отыр. Дəмештің екі қызы бар. Үлкені студент, кішісі бүгін 9-сыныпты бітірді. Күйеуі 2011 жылы ауырып қайтыс болған. Көмектесетін адам жоқ.
17 мамырдан бастап желідегі достардан қаржы жинай бастадым. Дəл қазіргі сəтте 2 жарым миллион теңге жиналды. Бүгін Қордайға барып үйлердің бағасын біліп келдім. 6 миллионнан кем емес екен. Ендігі, сіздерден өтінерім, осы балалар үшін парақшаларыңызға бөлісіп, көмектесіп жіберіңіздерші. 200 теңге болса да осы рамазан айында жинап, осы балаларға ұнатқан үйлерін əперейікші Алла разылығы үшін. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған қасиетті қазақ деген халықпыз ғой”, – деп жазады Эльмира Ешниязова есімді қоғам белсендісі.
Желі қолданушылары көздеріне жас алып, балаларға барынша көмек қолын созатындарын жазып жатыр.