Ақмола облысындағы Зеленый бор мектеп-гимназиясының директоры желден ұшқан шатырды мұғалімдерге жөндетпек болған. Қара жұмысқа жегілген тарих пәнінің ұстазы Ринат Шарафутдинов сүрініп құлап, үстіне қайнап тұрған битумды төгіп алған. Қазір ол ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр деп мәлімдеді КТК телеарнасы.
Оқиға мектептің шатырында болған. Ринат сүрініп құлаған сәтте шелекті жерге тастап жіберуіне де болар еді. Алайда, ол төмен жақта оқушылардың ойнап жүргенін байқап, қайнап тұрған қара майды өз үстіне аудара салыпты. Мұны оқиғаға куә болған Ринаттың әріптестері, яғни өзге мұғалімдер айтып отыр. Жан дауысы шыққан жігіт денені күйдіре жабысқан смоладан құтыла алмай айғайға басқан. Жедел жәрдем оны Бурабайдағы ауруханаға жеткізіпті. Қазір ол сондағы жансақтау бөлімінде жатыр.
Небәрі 24 жастағы жігіттің ата-анасы мектеп басшылығына наразы. Оқушыларды ҰБТ-ға дайындауы тиіс уақытта оны директор қара жұмысқа жеккен.
«Ол қайнаған битумы бар шелекті соңына дейін қолынан шығармаған. Өзін емес, өзгелерді ойлапты. Сонда мектеп басшылығы не ойлаған? Дала жел, ондай жұмыстарды мамандары істемей ме? Енді міне, баламның денсаулығы не болады? Бетінде ойықтар қалса ше. Жас жігіт қой», - дейді Ринаттың әкесі Ғали Шарафутдинов.
Мектеп директоры болса өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Емдомға кететін шығынды толық өз қалтамнан өтеймін дейді ол.
«Қатты желде шатыр жабындылары ашылып, жаңбырда төбеден су сорғалады. Ұстаздардан жөндеуге көмектесуін сұрап едім, келісті. Жоғары жақтан түскен тапсырма емес. Менің кінәм бар. Барлық шығынын өтеуге әзірмін», - дейді мектеп директоры Кенжетай Бейсенбаева.
Қазіргі таңда есін жиған Ринат облыстық ауруханаға ауыстырылды. Дәрігерлер оның беті бері қарағанын айтады. Дегенмен, жабысқан ыстық қара майды күйген терісімен бірге жұлып алып тастау науқасқа ауыр тиген. Ата-анасы болса, балалары аяғына тік тұрмайынша, мектеп директорына қарсы шағымдану мәселесін қоя тұрмақ.