Денсаулық сақтау министрлігінің Азаттыққа берген ақпаратына сәйкес, 2017 жылы Қазақстанда 2947 қыз 17 жасқа дейін жүкті болған. Олардың 20-сы - 15 жасқа дейін аяғы ауырлап қалып, 19-ы түсік жасатқан деп жазады Азаттық.
Министрліктің жазуынша, былтыр ресми органдар 15-18 жас аралығындағы қыздар арасында 1 305 түсік тіркеген. "2016 жылы бұл көрсеткіш 1 434 еді" деп жазады министрлік.
Ресми ақпарат бойынша, 2017 жылы 15-18 жас аралығындағы бала босану коэффициентері әр 1000 бойжеткенге шаққанда 7,9 баладан келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2017 жылғы жасөспірімдер арасындағы жүктілік көбіне Оңтүстік Қазақстан облысы (545), Алматы облысы (381), Жамбыл облысы (263), Қарағанды облысы (212) мен Шығыс Қазақстан облысында (190) тіркелген.
Кейінгі жылдары 15-19 жас аралығындағы жасөспірім қыздар арасында бала туғандар саны көбейіп келеді. Ресми статистикаға сай, 2010-2011 жылдары бала босану коэффиценті әр 1000 бойжеткенге шаққанда 30 баладан келсе, 2015-2016 жылдары бұл көрсеткіш 36-ға жеткен. Бұған қоса, жүкті болып қалған қыздардың 62 пайызы түсік жасатқан. 2016 жылы ресми органдар 15-18 жас аралығындағы қыздар арасында 1400 түсік тіркеген. 2015 жылмен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 1,3 есе көбейген.