Алматы ипподромы мен «Сайран» автовокзалы Алматы қаласының тарихи-мәдени мұралар нысандарының алдын-ала жасалған есебі тізіміне енгізілді деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының «Тарихи- мәдени мұралар обьектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы негізінде объектіге тарихи және мәдени ескерткіш мәртебесін беру үшін ол алдын- ала жасалған есеп тізіміне енгізіледі.
Обьектінің мәртебесі туралы нақтылы шешім қабылданғанға дейін осы Заңға сәйкес ол тарихи-мәдени мұралар ескерткіштерімен бірдей қорғалады.
Заңға сәйкес оны пайдаланушы ескерткішті қорғауы тиіс. Яғни, ғимараттың сыртын,ішін қайта жасауға, конструкцияларын алу, қосалқы құрылыс салуға, мақсатты пайдаланылуын және айналасын өзгертуге тыйым салынады. Ғимараттың ішін жөндеу немесе қайта жасау үшін өкілетті органның келісімі қажет.
Еске салсақ, бұрын Алматы әкімі Бауыржан Байбек заңнамаға сәйкес «Сайран» автовокзалын жергілікті маңызы бар тарихи ескерткіштер тізіміне енгізу туралы мәселені қарауды тапсырған болатын. Кейін меншік иесі аймақты дамытудың алдын-ала жасалған концепциясын ұсынды. Автовокзалдың көлік логистикасын толық қайта жасау және оның айналасын фонтандармен, кафелермен, жасыл желектермен және балалар алңдарымен қоса толық абаттандыру жоспарланған.
Бұлардан өзге, Алматы қаласы әкімдігінің қаулысы бойынша ҚІЫО «Атакент» АҚ арасындағы 23 гектар жерді уақытша жалға беру жөніндегі келісім күшін жойды. Кейін «Атакенттің» басқарушы компаниясы жеке меншіктегі 8 гектар жерді де тегін қайтару жөнінде міндеттеме алған еді. Көрме кешенінің басшылығы «Қала жаяу жүргінші үшін» концепциясына сай оның айналасын абаттандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады.