Иә, бүгінгінің қыздарына қойылатын талап пен сын көп. Алайда, қыздардың көшедегі қылығы мен былығына кінәлі ер азамат екендігі сөзсіз. Біздің қозғайтын тақырыбыз қыз тәрбиесі емес, қызға қырық үйден тыйым салуға шамасы жететін жігіттер жайлы болмақ деп жазады Arhar.kz.
Жалпы, жігіт дегенеміз кім? Отан қорғаушы, отбасы тірегі, қарындасқа қамқоршы, әпкеге тыныс, ата-ананың тұяғы, әйелдің пірі. Ал, қазіргі заман жігіттерінің тұлғалық сипаты жоғарыда аталған бейнеге сәйкес келеді ме деген сауал күмән тудырады. Өйткені жігіт сымақтардың әрекеті осы жігіт басының төмендеуіне әкелген.
Мәселен, қала ішінде қайсібір кинотеатр болмасын қалтысының түбі көрініп, қызының көзінше тыйын санап, тіпті, қай киноны таңдап кірерін білмейді. Қыздардың қаражатына беті қызармастан заттар алғызып, қыдырып жүретін жігіттер де жиі кездеседі. Демек, бүгінгінің жігіттері шешім қабылдау білмейді, ар-намасы азайған, еңбекке жарамсыз, ішкі рухани жігері төмендікке жеткен. Мүмкіндік болса, байдың қызын табу, қалталы қызбен жүру, уақыт өткізу, қызды бұзу қалыпты жағдайға айналған.
Ең сорақысы жігіттердің басы қосылып, жүрген қыздарын әңгімеге қосып, өсек айтып, ошақ қасындағы ойдан арыға бара алмайды. Тағы келіп, «қыздар бұзылған» деп шірене сөйлеп, надандыққа бой ұрады.
Қыздың етегі ұзын, тілі қысқа болу үшін жігіттер жауапкершілікті өзіне жүктеп, қазақтың ата-бабаларына тән қасиеттен жұрдай болмай, жігіт атына заты сай болғаны абзал. Майдалануға түскен жігіттер қоғамдық көлікте қыздар тұрмақ аналарымызға орын бермей, жүгін көтеріспей, жеке басынан аса алмай рухани құлдырауға түскен. Мұндай жағдайды кез келген жерден көзіңіз шалады.
Жігіттік намыстың жоқтығы көше сәбиін туып тастап кеткен хайуаннан жаман аналардың пайда болуына, қара көз қарындастың көше кезуіне, өзге ұлттың етегіне жармасып, шет ел асуына, шылым шегуіне, жалғыз басты кәрі қыздардың саны артуына алып келеді. Міне, қоғамдағы түйіні шешілместей болған түйткілдердің басы қайдан шығып жатқанын енді түсінген боларсыз.
Ер жігіт елінің ұлы, намысының құлы демекші, жігітке қашанда намыс – қымбат, ар – ауыр болуы шарт. Ойланайық, қазақ ұрпағының келешегін жалғастырушы жігіттер қауымы.
Сүйсінгалива Дамира