Соңғы жылдары қазақ қыздарының жаман әдеттері туралы баспасөз қала берді, әлеуметтік желілерде де жиі жазылып, талқыға салына бастады. Бір сөзбен айтқанда, қаракөз қандастарымыздың тәрбиесіздігі, ішімдікке салынуы, темекі шегуі, жеңіл жүріске бой алдыруы т.б. Әсіресе, қарындастарымыздың шетелдіктермен қыдыруы, тұрмысқа шығуы әлеуметтік желілердің басты тақырыбына айналды.
Сөзді осы жерден тоқатып, жақында өзім куә болған мына бір жағдайды баяндағым келіп отыр.
Мен такси жүргізушімін. Екі миллиондық Алматы шаһарында нәпақамды көшеден тауып, отбасымды асырап жүрмін. Таксист болған соң көлігіңе неше түрлі адам мінеді. Осыдан екі-үш күн бұрын Барахолкаға адам апарып, бос қайтпайын деп сол маңнан бірнеше адамды ала қайттым.
Көлігіме отырған шүлдірлеген екі қытай мен қазақтың екі сылқым сұлу қызы. Жастары елудің ар жақ, бер жағындағы жаман қытайлар тілдерін бұрап орысша сөйлейді.
Құдды Ресейде жүргендей. Қазақстанда жүрміз, қазақша үйренейік деген ой жоқ секілді. Әлгі бұралған екі қарындасымыз да олармен орысша «гәпіріп» отыр. Артқы орындыққа екі қытай мен бір қыз отырды. Екінші қыз алдындағы орындыққа жайғасты. Айнадан байқап отырмын, екі қытайдың бірі әлгі орталарында отырған қызды өзіне құшақтай тартып, құлағына бір нәрсені сыбырлап қояды.
Ал әлгі қарындасымыз, қытай ежелгі танысындай құшағына құлап, ыржың-ыржың етеді.
Екі қыздың да жасы 25-27 лердің шамасында. Түр бар, сымбат бар. Екі қыздың қытайлармен қылжақтасып отырғанына бір түрлі болып қалдым.
Шыдай алмай жанымдағы қызға «Бұларың кім? Қайдан тауып алғасыңдар? Қазақтан жігіт табылмады ма?» деп төтесінен сұрақ қойдым.
«Бұлар біздің «хозайындарымыз». Барахолкада осылардың тауарын сатамыз. Күнкөріс қой енді. Басқаларға қайдам, әйтеуір бізге жақсы қарайды. Саудадан тыс кейде ақша да береді. Осылармен араласқалы бері күнкөрісіміз жақсарып қалды» деді.
«Тегінен тегін ақша бермейтін шығар. Әр нәрсенің сұрауы бар емес пе? Соның ішінде қытайлардың бақай есебі жеткілікті», деп әңгімені қоздатып қойдым.
«Әрине. Рас, мына артта отырған кепкалы қытай менің «досым». Былайша айтқанда «любовнигім». Күйеуіммен ажырасып кеткенмін. Бір балам бар. Қазір ауылда ата-анамның қолында. Дұрыс жұмыс болмаған соң, осы барахолкаға сатушы болып орналасқанмын. Осында жүріп Хумен таныстым. Менің жоғалтатын ештеңем жоқ. Етегі ашылған, күйеуден шыққан әйелмін. Ара-тұра Худың көңілін тауып, төсекте болып тұрамын. За то сол үшін Ху маған тәп-тәуір ақша береді. «маған тұрмысқа шық» деп қояды. «Ата-анам рұқсат бермейді» деп едім, «онда осы жердегі қантыным бол» дейді», - деді қыз.
Не дерімді білмедім. Оларды айтқан жеріне жеткізіп тастадым. Шүлдірлеп, ыржың-ыржың еткен екі қытай екі қазақтың қызын құшақтап подъезге еніп кетті.
Міне, бұл менің көзіммен көрген бір ғана жағдай. Күнкөрістің «қамын» сылтау етіп, шетелдіктерге тәнін сатып жүрген қаншама қыздарымыз бар?! Өкінішті.
Жұмахан таксист
Дереккөз: 365info.kz