ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Алматыда жұмыс сапары барысында Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде латын графикасының орталығын ашты.
Ақпан айында аталған университет министрлік тарапынан ұйымдастырылған байқауда жеңімпаз атанған болатын.
«Латын графикасына өтуге байланысты интерактивті үйретуші бағдарламалар жасаудың лингвистикалық негіздері мен мультимедиялық технологиялары» жобасын жүзеге асыруға 16 млн теңге жұмсалмақ.
Оқу орнының өкілдері Мемлекеттік хатшыға университет ғалымдарының латын графикасын үйретуге арналған арнайы бағдарламасын таныстырды.
«Білім беру мекемесінде оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі бойынша оқып, жазуды меңгереді. Сондай-ақ, мұғалімдердің біліктілігін тереңдетуге және жетілдіруге бағытталған қосымша кәсіби білім беру бағдарламалары жүргізілмек. Бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін орталыққа білікті тіл мамандары жұмылдырылған. Орталықта оқу ордасының ғалымдары жаңа әліпбидің орфографиясы мен орфоэпиясын қалыптастыру бағытында арнайы сабақтар мен курстар өткізеді. Жаңа әліпби бойынша оқу-әдістемелік кешен жасалып, арнайы оқу құралдары да жарық көрмек. Қазіргі күнде арнайы тұжырымдама жасалып, негізгі басым бағыттары түзілді», - деді университеттің Информатика және қолданбалы математика кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы Салғараева Гүлназ.
Оқу орнының мамандары латын графикасын үйрету үшін балаларға арналған ойын бағдарламалары мен мобильді қосымшалар ойлап шығарған.
Android, iOS, Windows платформасындағы лингвистикалық сөздік, латын әрпіне автоматты түрде аударма жасайтын арнайы сайт пен дыбыс және бейне материалдарымен сүйемелденген сандық электронды оқулық көрсетілді.
Ғылыми жобамен ақпанның басынан бастап филолог-лингвист және ІТ саласының мамандары айналысып келеді.
Электронды оқулық қыркүйек айынан бастап Алматыдағы 4 мектеп пен 8 балабақша тәрбиеленушілерінің арасында сынақтан өтеді.
Мемлекеттік хатшы Университет қабырғасындағы өткізіліп жатқан игі шараларды жоғары бағалап, бірқатар тапсырма берді.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ