Қазір Алматыда 2,5 мыңдай көше бар. Олардың ішінде 350-і қайталана беретін. Негізінен мұндай көшелер қалаға жаңа қосылған аудандарда көп еді. Мысалы, бір ғана Алатау ауданында қайталанып айтылатын 118 көше бар екен.
Жалпы, қайталанып айтылатын көшелер шаһарға үлкен келеңсіздіктер әкелетіні белгілі. Өйткені, мұндай көшелер, әсіресе, жедел жәрдем, өрт қызметі секілді әрбір секунды қымбат қызметтердің жиі-жиі шатасуына әкеп соғып жүр. Сондықтан қаладағы қайталанып аталып жүрген кейбір көшелер атаулары өзгертілетін болды.
Алатау ауданы көшелерімен қатар Бостандық ауданындағы 46 көшенің де аттары ауыстырылмақ.
«Біз қайта аталатын көшелердің атауларын ауыстыруды ұсынамыз. Бұл ретте жердің тарихи ерекшелігі ескеріледі. Сосын қала көшелеріне Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова секілді белгілі тұлғалардың есімдерін қою да ұсынылады», – деді Алматы қаласы Тілдерді дамыту бойынша басқарманың ономастика және талдау бөлімінің жетекшісі Өтепберген Қалабай.
Атап өтетіні, былтыр Наурызбай ауданында 107 көше атауын өзгерту туралы шешім шыққан еді. Соған орай биыл 10 млн. теңге қаржы бөлініп, оған 6 мыңдай нысанда жаңа атаулар ілінетін болады.
Сондай-ақ, көше атауларымен бірге Q-кодтар да пайда болады. Ол ұялы қосымша арқылы көше және ондағы нысандар туралы жан-жақты мәліметтер беріп отырады.
Ал көше атауына жауапты тіл басқармасындағы ономостика бөлімінің мамандары тұрғындардың жасаған бұл ісін құп көргенмен, жаппай қолдау таппайды дейді. Себебі, белгілі тұлғалардың аттары жазылған тақтайшаларды суретімен бірге ілу қазынаға қымбатқа түседі, әрі барлық елді мекендердегі көше атуларын бір үлгіде жазу бойынша арнайы бекітілген нұсқау бар.
Алдағы уақытта көше атаулары суретімен болмасада адам аттары тек қазақ тілінде жазылады. Ұзындығы 1,20 см, ені 25 см метр болатын көк түсті, екі шеті оюланған белгіде тек көше деген сөздер үш тілде таңбаланады. Әрі адам аттары қысқартылмайды. Бірақ қаржы әлі толық қарастырылмағандықтан қазақ тіліндегі жаңа атаулардың толық жүзеге асатын уақыты белгісіз.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ