Бүкіл жұртты дүр сілкіндірген Шымкенттегі осынау оқиға 1 шілдеде орын алған болатын. Ересек ер азамат 11 жасар баланы көпқабатты үйдің подъезіне кіргізіп, шешіндіріп зорламақ болған сәтте, оны көрші әйел құтқарып қалған. КТК телеарнасы хабарлағандай, азғын балаға зәбір көрсетіп үлгермепті.
Жеткіншектің әжесі болса әлі есеңгіреп отыр. Айтуынша, жәбірленген немересі де өз-өзіне келмеген. Бір сөз айтып жылай беретін көрінеді. Қалай болғанда да, педофилдің қолынан баланы аман алып қалған көршілеріне разылығын білдіріп, алғыс айтты. Ал, ашуға булыққан көршілері болса полицейлердің сылбырлығына өкпелі.
- Көршілер жиналып, жедел-жәрдем мен полиция шақырдық. Ал, оның денесінде сау-тамтық жоқ. Арқасы, кеудесі мен қол-аяғы жырылған, қанталап тұрды. Полицейлер келмей қойған соң көшедегі патрульге барып айтып едік, бұл біздің ісіміз емес деп жақындатпады. Ал, істі жүргізуі тиіс тергеушілері тек бір жарым сағат дегенде ғана келді. Ол уақытта әлгі азғын қашып кетсе не болар еді? - дейді көршілер.
Алайда күдікті қашып үлгерген жоқ. Фотосы әп-сәтте әлеуметтік желілерге тараған оны полицейлер бір тәулік өтпей ұстаған. 33 жастағы ол тіпті кінәсін мойындап болған жәйтті погондыларға айтып та беріпті. Бірақ, қамауға алып, сараптамалар тағайындадық деген ішкі істер департаменті әзірге күдікті туралы тұшымды ақпар да таратып жатқан жоқ.