Қазақстанның болашағы – жалынды, білімді, өнерлі жастардың қолында. Кезінде Мемлекет басшысы айтқан осынау сөз әлі де өз маңыздылығын жоғалтқан емес. Өйткені, еліміздің экономика саласы да, өнеркәсіп саласы да білікті жас мамандарға мұқтаж. Ал, былтыр жарияланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы оларға жастарға артылған жүктің салмағын ауырлат түсіп отыр.
Студент жастармен кездесіп, оларға лекция оқыған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев оларға осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызын түсіндіріп, ондағы жастардың рөлі туралы айтып берді. Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өткен кездесуге ЖОО оқытушылары мен жас ғалымдар, студент жастар және БАҚ өкілдері, жалпы саны 400-ге жуық адам қатысты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасында жастар туралы расымен де көп айтылған. Қазақстанның дамыған елдер қатарына қосылуына, қоғам санасының жаңғыруына ең алдымен жастар күш салуы қажет. Ал, жастар осы жауапкершілікті сезінгенде ғана мақсат орындалады.
– Мемлекет басшысы: «Санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», - деп нақты міндет қойды. Президент қазақстандық жастардың тәрбиесіне үнемі назар аударып келеді. Оның айғағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы ең маңызды міндеттердің бірі адами капитал сапасын жақсартуға басымдық бергендігі. Ең бірінші әрбір азамат өз тілін білуі қажет. Сондай-ақ, Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басын нақты ашып беріп отыр. Оның бірі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтындығы. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Мұндағы басты идея – болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Озығын алып, тозығын тастау, – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Басқосу барысында студент жастар облыс басшысына толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды. Атап айтқанда, Цифрлы Қазақстан, Латын әліпбиіне көшу сынды өзекті тақырыптар көтерілді. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Жансейіт Қансейітұлы Қазақ дипломатиясының жетістігі мен Түркология ғылымының жарқын болашағы тақырыбында сөз қозғады. Ұлттық бағдарламаның маңызды тұстарына тоқталды.
«Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Озғандарға жету керек, жеткендерімізден озу керек. Дүниенің төріне тырмысқандар, төрден орын алып жатыр. Тырыспағандар есікте қалып жатыр: еcікте қалмай, бірге тырмысалық», - деген. Демек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы - ауқымы аса кең және жүйелі түрде, тынымсыз жұмыс істеуді, аса жоғары жауапкершілікті талап етеді», - деп қорытындылады облыс әкімі.
Игі шара соңында Жансейіт Қансейітұлына Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры Оңалбай Аяшев ЖОО-ның профессоры атағын табыстап, аталған шаңырақтың «Ақбаян» сән орталығы арнайы дайындаған мантияны кигізді.