$ 498.34  519.72  4.85

Кез-келген «діндардың» ислам атынан сөйлеуіне болмайды – ҚР Дін істері министрі

Қазір кім көп – діндар көп, уағызшы көп. Иекке бір уыс сақал қойып алып, жұртты тозақ отымен қорқытып жүргендер көп. Одан қалса, өздерінше пәтуа шығарып, пәтуаларын түрлі мессенджерлер арқылы таратып жүрген «ұстаздар» көп. Әрқайсысы исламды өздерінше тәпсірлеп, қазақты дәстүрінен, салты мен ғұрпынан, тарихынан алыстатуды көздейді.

Алайда, заңға сүйенер болсақ, дәл бұлай көрінген жерде көрінген адамның уағыз айтуына болмайды екен. Атырау облысына арнайы сапармен келген ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев осылай дейді. Жергілікті дін өкілдерімен және халықпен кездескен министр исламды тек ҚМДБ бекіткен имам-молдалар және арнайы діни білімі бар азаматтар уағыздауы керек екенін айтып отыр. Яғни, уағыздар «Уағыз айтудың бірыңғай тәртібінде» бекітілген қағидат бойынша жүзеге асырылуы тиіс.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан БАҚ беттерінде сөйлейтін 44 имамнан тұратын арнайы пул қалыптасқан. БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде имамдар пулында бекітілген діни қызметшілер ҚМДБ-мен келісе отырып пікір білдірулері қажет деп санаймыз. Бекітілген тәртіп бойынша уағыз айтудың шеңберінен аспауларыңыз орынды болады деп санаймыз. Қоғамда дінге қатысты біржақты және өте сезімтал тақырыптарға пікір білдіру кері іс-әрекет туғызуы мүмкін. Біз діннің оң әлеуетін халқымызды біріктіруге, елімізді ілгері дамытуға жұмылдыруымыз керек», - деді Дархан Қалетаев.

Дархан Кәлетаев жұмыс сапары аясында облыстық Дін істері басқармасының Ақпараттық-талдау орталығының жұмысымен танысып, өңірдегі мешіттерде қызмет жасайтын имамдармен де кездесті.

Сонымен қатар, министр ҚМДБ бекіткен «Мешіттердің ішкі тәртіп ережесін» жетілдіруді ұсынды. Оның айтуынша, ережеге қатысты Министрлікке қазіргі уақытта көптеген азаматтардан шағымдар мен өтініштер келіп түсуде. Ереженің қолданыстағы заңнамаға қарсы келмеуі және адамның құқықтарын шектемеу қажеттігі айтылды.

2017 жылғы 15 ақпанда Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасында өзара әрекеттесу туралы Келісімге қол қойылған. Құжатта Діни басқарманың дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша мемлекетпен тығыз қарым-қатынас орнату мәселелері қарастырылған.

Атырау облысы бойынша 29 исламдық, 3 православтық, 2 католиктік және 7 протестанттық бағыттағы діни бірлестіктер тіркелген. Өңірдегі 29 мешітте 68 имам жұмыс жасайды.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Қалетаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Әт-Тақуа» мешітіне барды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары