Осыдан 2 жыл бұрын Ақтөбе мен Алматы қалаларында болған лаңкестік оқиғалардан кейін елімізде ақпараттық түсіндіру топтары құрылып, халық арасында алдын алу жұмыстарын бастап кеткен болатын. Аталған топтардың құрамына теолог-ғалымдар, имам-молдалар және дін саласын зерттеуші өзге де мамандар мен дінтанушылар кіреді. Дін мәселесі өте күрделі әрі нәзік болғандықтан бұл жұмыстар еш тоқтамастан әліге дейін жалғасып келеді.
Осы орайда еліміздің бірнеше өңірінде дін мәселелері бойынша Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері 4 күн бойы ауыл-аймақ тұрғындарымен кездесіп, деструктивті ағымдардың зияны туралы айтып түсіндірді.
Бұл жолы топ құрамына білікті теологтар, дінтанушы мамандар, мемлекеттік органдар, ғылыми-академиялық қауымдастық және үкіметтік емес мекемелер өкілдері енді.
Алғашқы сапарын Солтүстік Қазақстан облысынан бастаған ақпараттық түсіндіру тобы өңірдегі журналист мамандар мен құқұқ қорғау органдарының қызметкерлеріне, сондай-ақ, жергілікті ақпараттық топтың өкілдеріне оқыту семинарларын жүргізді. Семинар қатысушылары Мәдениеттер мен діндер халықаралық орталығы БАҚ мониторингі бөлімінің басшысы Д.Есеноваға, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің Дінтану кафедрасының оқытушысы Ж.Асхатұлына және «Насихат» ҚБ-нің теолог маманы Қ.Алшинбаевқа өз сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын да ала алды.
Ал, Қостанай облысында «Ансар» орталығы директорының орынбасары, теолог Т.Талдыбаев, ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Х.Әділбеков, теолог маман А.Өтеповтан құралған РАТТ имамдардың біліктілігін арттыруға, дінтанулық сауаттылықты жетілдіруге бағытталған семинарлар, сондай-ақ ҚАЖ Департаменті мамандарымен арнайы кездесулер өткізді.
Мұнан кейінгі сапар Шығыс Қазақстан обылысында жалғасты. Мұнда ҚМДБ Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Е.Онгаров, «Парасат» кеңестік-әдістемелік орталығының директоры И.Беркимбаева, «Қоғамдық процесстерді зерттеу және талдау орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Т.Мустафина бастаған топ өңірде зайырлылық қағидаттарын нығайтуға, діни астарланған экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған әр түрлі форматтағы іс-шараларды жүзеге асырды.
РАТТ өткізген кездесулерде дін саласындағы заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіруге баса назар аударылды.
Айта кетейік, ақпараттық топ еліміздің өзге де өңірлеріне баруды жоспарлап отыр. Олар халық арасында Дін туралы заңнамаға енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың маңызын да түсіндіретін болады.