Түрік фотографы Онур Альбайрак той үйтінде күйеубаланы ұрып тастады. Ол тойды тоқтатпақ болған. Себебі, суретке түсіріп жүрген ол қалыңдықтың жеткіншек жаста екенін біліп қойған деп жазады PetaPixel басылымы.
Онурдың айтуынша, күйеубала оның студиясына жалғыз келіп, тапсырыс берген. Фотограф қалыңдықты той күні ғана көріпті. Алайда, Онур тойда көңілсіз қызды көргенде мұнда бір гәп барын сезген.
«Қалыңдықты тек тойда ғана көрдім. Ол әлі де бала ғой. Жасы небәрі 15-те. Оның қолдары қорыққаннан дірілдеп тұрды», – дейді фотограф.
Қыздың жасын білгеннен кейін фотограф ары қарай суретке түсірмейтінін және той иесінен тойды тоқтатуын айтады. Алайда, күйеубала одан жұмысын жалғастыруын талап еткен. Сол мезетте екеуінің арасында төбелес туып, соңында үйленіп жатқан ер адамның мұрны сынған.
Бұл оқиға түрік басылымдарына жарияланып, желіде қызу талқыға түскен. Көпшілік фотографтың әрекетін ерлікке балады.
Онур өзінің төбелескенді ұнатпайтынын айтады. Бірақ үйлену тойындағы әрекетін дұрыс деп бағалады. Тіпті сол жағдай қайта қайталанса, тағы да солай жасайтынын жеткізді.