$ 442.05  474.14  4.74

Қазақ әжей бала-шағасымен бірге Сириядағы соғысқа кеткен қызын қайтара алмай жүр

Алматы облысының тұрғыны Халима Бейсембекованың қызы Нұргүл Ахмадиева мен күйеу баласы Кенжебек Ахмадиев үш баласын алып, Сирияға кеткеніне тура бес жыл толыпты. Осы уақыт аралығында тағы екі жиенім Шам жерінде дүниеге келді дейді Халима апа. Алғаш жиендерінің соғыс жеріне кетіп қалғанын «Информбюро» жаңалықтарынан көрген әжей өз көзіне өзі сене алмапты. Бұл жайында 31 арнадағы «Сөздің шыны керек» бағдарламасында айтылды.

Халима апа қызын сағынғанда, немерелерінің дауысын естіп, телефон арқылы болса да түрлерін көріп, көзайым болғысы келсе, WhatsApp желісімен телефон шалатыны бар. Бірақ ар жақтан жиі жауап ала алмайды. Сирияға кеткен қыз-күйеу баласының бұл жақтағы туыстарымен үнемі тілдесе беруге мүмкіндіктері жоқ. Мүмкіндіктері болғанда да жарытып сөйлесе қоймайды дейді.

Қызы Нұргүл үйінің кенжесі болған. Мектебін қызылға бітіріп, екі бірдей жоғарғы оқу орнын - Жезқазғанда заңгерлік, Алматыда Каспий университетін тәмамдаған. Мамандығы заңгер қызымның басы бұлай шатылып кетеді деп үш ұйықтасам түсіме кірмеген дейді апа.

Ал Қоғамдық даму министрлігі, қоғамдық даму комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев дәл қазіргі уақытта Сирияда жүрген қазақтардың саны қанша, онда қанша бала әкесіз қалды, олардың қалай күн көріп жатқанын дөп басып айту қиын екенін жеткізді.

«Бір кездері олардың саны 400-ге жуық деген болатын. Қазір 300-ге дейін төмендегені айтылып жатыр. Бірақ нақты мәліметті ешкім айта алмайды деп ойлаймын», – дейді қоғамдық даму комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев.

ҚР ҰҚК желтоқсан айында берген мәліметіне сүйенсек, Сирия елінен елімізге 125 адам оралып, оның 57-сі қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары