19.07.2018, 05:02

Астанада балабақшаның бірінде тәрбиеші балаларды ұрған (ВИДЕО)

Астанада балабақшаның бірінде тәрбиешінің ұйықтап жатқан балаларды ұрғаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Осынау сәттегі видеоны сәбилердің бірінің анасы Камила Сейітқалиева өз Instagram-парақшасында жариялады.

Бейнежазбада балалардың төсекте ұйықтап жатқанын аңғаруға болады. Бір уақытта олардың жанына барған әйел, тыныш жатқан үшеуінің басынан, арқасынан ұрып шығады. Біреуінің болса, құлағынан тартып, ойынға айналдырған.

Камилаға тәрбиешнің ұрғандығы жайлы ұлы айтып беріпті.

«Баламның балабақшаға барып жүргеніне бір ай ғана болған. Ол 2,5 жарым жаста. Мұның алдында бәрі жақсы еді. Бұрынғы тәрбиешіміз еңбек демалысына кетіп, оның орнына басқасы келген. Жасы 35-те. Ол бірінші күннен бастап-ақ менің ұлымды және тағы үш баланы ұрған. Біреуінің басынан, енді бірінің арқасынан түртеді. Ал менің баламның құлағын тартып ойнаған. Сол күні баламды балабақшадан алып кетуге барғанмын. Ол тәрбиешінің өзін ұрғанын айтып жылады. Біз оны үйде ешуақытта ұрған емеспіз. Бала мұндай қорлықты мүлдем көрмеген», – дейді Камила.

Келіншек полицияға арыз жазғанын, ендігіде сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатқанын айтады. Камила осы жәйт бойынша тәрбиешінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, бұдан кейін оның балалармен жұмыс істеуіне тыйым салынса дұрыс болар еді деп отыр.