Батыс Қазақстан облысында әзілдің соңы адам өлімімімен аяқталды.Бұл туралы Мой город порталына сілтеме жасап Skifnews.kz хабарлайды.
Марқұм болған жастардың достарының айтуынша, оқиға шілденің 22-і күні болған.
Сайхын ауылының Дәулет есімді тұрғыны досымен бірге Зухра есімді таныстарын алдамақ болады. Осылайша, олар Зухраға Дәулеттің асылып тұрғанын бейнелейтін жалған фотосуретті жібереді.
Ал Ресейдің Волгоград облысында тұратын Зухра болса, досының «қайтыс болғанын» көріп, өзіне қол жұмсаған.
Сол күні өзінің әзілі қайғымен аяқталып, Зухраның көз жұмғанын естіген Дәулет өз үйінің сарайында асылып қалған.
Бөкей Ордасы ауданының әкімдігі бұл оқиғаның болғанын растап отыр.
«22 шілде күні 1990 жылы туған азамат сарайында асылып қалды. Ол ажырасқан. Әзірше, оның өліміне қыздың қатысы бар-жоғы белгісіз», — дейді аудан әкімі Нұрлан Рақымжанов.
Сайт әкімшілігі әлеуметтік желіден Зухраның жеке парақшасын тапты. Қыздың парақшасына оның жақын құрбысы жазба қалдырып, бұл өлімнің орынсыз әзілден болғанын айтқан.
«Бұл жазба Зухраға жалған фотосурет жіберген адамға арналады. Сен мойныңда екі жазықсыз адамның өмірі бар екенін ұмытпа!», — делінген жазбада.