Павлодар қаласында алпысты алқымдаған алтын құрсақты ана Лидия Төлеубаева 20 жылдан астам уақыт жеке басын куәландыратын төлқұжатқа қол жеткізе алмай, Кеңес Одағының қызыл паспортымен жүр, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Сонау 1977 жылы азаматтық парызын өтеп жүрген Байзолла Төлеубаевпен қол ұстасып, Ресей Федерациясы Бурятия Республикасынан келген Лидия Кожина қазақ жеріне келін болып түскен. Алайда 1988 жылы отбасының жағдайына байланысты туған жеріне қоныс аударған ол бес жылдан соң қайтадан елге оралады. - Тәуелсіздік алған жылдары балалармен жүріп, құжаттарды жасауға жағдайым да, қаражат та болған жоқ. Тұрғылықты мекенжай бойынша анықтама, тағы басқа құжаттар қажет болды. Содан бері Ресейге қаншама ресми өтініш жібергенмен, нәтиже болмады. Кейде, тіпті, барлығына қолымды бір сілтеп, қалған ғұмырымды туған жерімде өткізуге кетіп қалам ба деп ойлаймын. Менің бар-жоғымды, өзімінің Қазақстан Республикасының азаматшасы екенімді дәлелдей алмай жүргеніме қанша жыл өтті. Бейне бір қаңғыбас тәріздімін. Тіпті, кезбелерге де құжатты тез жасап береді емес пе? - деп қынжылады Л. Төлеубаева.
Алты бірдей баланы дүниеге әкелген Лидия Төлеубаева бүгінгі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаға танулы. 1996 жылы денсаулығы сыр бере бастаған соң санитар болып жұмыс істеп жүрген облыс орталығындағы теміржолшылар емханасынан жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Содан бері «Күміс алқа» иегері атануға лайықты көпбалалы ана мемлекет тарапынан тиесілі барлық жәрдемақы мен зейнетақыдан құр қалып келеді. Барлығына қолбайлау болып отырған – қолдағы «қызыл» паспорт. Лидия Төлеубаеваның айтуынша, 2012 жылы Ресей Федерациясына жолдаған хаттың жауабы келген. Алайда Ресей елінің Қазақстандағы елшілігіндегі астаналық мамандардың салғырттығынан ұзақ жылдар күткен құжаттың жауабы жоғалып қалған.
- Қаншама шығындалуға тура келді. Енді, міне, ай сайын көрші елге телефон шалып, жауабын күтіп сарылудамыз. Анамның қолындағы құжатта оның Қазақстан Республикасының азаматшасы екені жазылған. Облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы мен қалалық әкімдіктің табалдырығын талай рет тоздырғанмен мардымды жауап ала алмадық. Тіпті, құжаттың жоқтығынан ауруханаға қабылдауға жазылудың өзі мұңға айналды,- дейді қызы Арай Төлеубаева. Ең қызығы, Лидия Төлеубаеваның жеке куәлігінен басқа барлық құжаттары бар. Көп балалы ананың ендігі бар арманы – Қазақстан Республикасының азаматшасы екенін айғақтайтын бір құжатқа қол жеткізу.