Қарағанды тұрғындары облыс әкімі Ерлан Қошановтың атына қайың орманын қорғауды талап еткен хат жолдамақ. Әзірге хатқа 80 адам қол қойған. Хаттың мәтіні Instagram әлеуметтік желісінде #рощаживи хэштегімен тараған деп жазады Азаттық.
Белсенділер мен тұрғындардың өздері де хабарламаны таратып, хатқа қол қоюға шақырып жатыр. Олар тұрғындардан әкім блогына немесе канцелярия арқылы хат тапсыруды сұраған.
"Бұл - адамның қолымен отырғызылған орман. Ағаштарды біз, тұрғындар, балаларымызбен бірге өзіміз отырғыздық. Бұлар шыбық болып, кейін ағашқа, сосын тоғайға айналған. Бұларды жою емес, көбейту керек" дейді Новая Тихоновка ауылының 68 жастағы тұрғыны Мария Фатеева.
Әкімге арналған хатта жол бойындағы орманды жою туралы шешім тұрғындарды дүрліктергені айтылған. Белсенділердің сөзінше, Қарағандыда осы орманнан басқа жасыл желек жоқ.
Хатта «бұл шешім қаладағы онсызда көңіл көншітпейтін экологияға кесірін тигізеді. Тәуелсіздік алғалы бері жергілікті билік мұндай табиғи орындар ашқан жоқ. Ботаникалық бақтар мен орталық саябаққа тиесілі жердің жеке құрылыстарға, коттедждер салуға берілгенін ұмытқамыз жоқ. Осының бәрін ескеріп, шешімді қайта қарауларыңызды, қоғам талқысына салуларыңызды сұраймыз" делінген.
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Азаттыққа осы жағдайға қатысты хат келгенін растады. Жергілікті билік тиісті басқарманың мәселені қарап жатқанын хабарлады.
Бұған дейін қала шетіндегі қайың орманын кесу туралы жоспар экобелсенділер мен тұрғындардың наразылығын туғызған. Жасыл желекті Астанаға апаратын трассадағы жолайрық құрылысы үшін шаппақ.