26.07.2018, 05:19

Айдос Сарым: «Полиция тек Денис Теннің отбасына ғана емес, қоғамға көңіл айтып, өз айыбын мойнына алу керек»

Өткен аптада Қазақстан халқы қапыда спортшы Денис Теннен айрылып қалды. Ол қылмыскерлер қолынан қаза тапты. Осы оқиғадан кейін көпшілік, Ішкі Істер министрінің отставкаға кетуін талап етіп отыр. Тіпті арнайы құрылған Алматы қалалық қоғамдық кеңесте де бұл мәселе талқыға салынды. Осыған байланысты белгілі қоғам қайраткері, саясаттанушы Айдос Сарым «Неге солай» интернет-жобасына сұхбат берді.

«Бұл жайтқа бей-жай қарай алмаймыз. Біздің полиция өзінің жауапкершілігін түсінбеген сияқты. Оның бірінші істейтін жұмысы – тек Денис Теннің отбасына ғана емес, жалпы Қазақстан қоғамына көңіл айтып, өз айыбын мойнына алу керек еді. Көріп отырғанымыздай, елімізде қайғылы жағдай болып жатқанда Министр командировкада жүр. Оның орныбасарлары әлі де болса, елде не болып жатқанын түсінбеген, ұқпаған сияқты. Біздің қалалық басқарманың генералы С.Күдебаев та демалыста жүр екен. Осыдан кейін біздің полицияның қоғамға деген көзқарасы, қоғамдық кеңеске деген көзқарасы наразылық тудырды. Бұл осы азаматтардың отставакаға кетуін талап етуге алып келді. Бұл әділетті талап», – дейді Айдос Сарым.

Айтуынша, бүгінгі билік өзінің ең басты функцияларын орындамай отыр. Өйткені біздің елде адамның өмір сүруге деген құқығы тапталған. Егер осындай ұрлық-қарлық секілді қылмыстар тыйылмаса, онда елдің дамуы, туризмді дамыту бос сөз дейді.

Сондай-ақ, Айдос Сарым полиция қызметкерлерінің көпшілігі сауатсыз екенін атап өтті. Яғни, көпшілігі бұл қызметке пара беріп кіреді-мыс. Бұдан басқа саясаттанушы қазіргі кезде түрмеде қылмыскерлерге жағдай да жасалып отыратынын айтады.

«Түрме дегеніміз ол жабық криминалды экономика. Жақсы білеміз, түрмеге енген әрбір қорап темекі әрбір ұялы телефон ол – қаржы. Қазір талай ығай мен сығай түрмеге тығылып жатыр. Оларға арнайы VIP-камера жасайды екен. Оның барлығы миллиондаған ақша. Тіпті түрмеде жатып алып қыз-қырқынды алып келуге, мейрамханадан тамақ әкелуге мүмкіндіктер жасалады екен», – дейді саясаттанушы.