Денис Теннің анасы халыққа үндеу жолдап, ұлының қазазысна әлі де сене алмай жүргенін айтты.
"Қайғымызды бөлісіп, осындай қысылтаяң шақта отбасымызға қолдау көрсеткені үшін бүкіл Қазақстан халқына және халықаралық қауымдастыққа Денис Теннің туыстарының атынан рахмет айтқым келеді. Әсіресе Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айтар алғысымыз ерекше. Президент әрқашан Дениске қолдау көрсетіп, көмектесумен болды. Сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен әкімдікке де көрсеткен қолдаулары үшін көп рахмет. Қара жамылған күннен бері қазақстандық және халықаралық БАҚ өкілдері бірнеше рет хабарласты. Денистен айрылып қалғанымызға әлі де сене алмай, қайғыдан ес жия алмай жүрміз, сондықтан дәл қазір журналистердің сұрақтарына жауап беруге әл-дәрменіміз жетер емес. Біздің ортақ қайғымызға, сондай-ақ сұхбат беруге дайын еместігімізге түсіністікпен қарауларыңызды өтінеміз. Ұлымыздың абыройлы есімін жадымыздан шығармай, тек қана жақсы сөзбен еске алайықшы», - деді Оксана Тен.
Еске салсақ, кеше мәнерлеп сырғанаушының өліміне қатысы бар деген тағы бір күдікті ұсталды. Оған дейін полиция 24 жастағы Жамбыл облысының тумасы Нұралы Қиясов пен 23 жастағы Қызылорда облысының тумасы Арман Құдайбергеновты тұтқындаған еді.
Денис Тенді 19 шілде күні Алматыда тапа-тал түсте пышақтап кеткен болатын. Спортшы алған жарақатынан ауруханада көз жұмды.