Биыл күзде Алматының басауруына айналған көлік тығыны проблемасы біршама шешілетін болады. Өйткені, қазан айында БРТ желісінің бірінші кезеңін ашу жоспарлануда.
Ал желінің екінші кезеңі Желтоқсан және Төле би көшелері бойымен жүргізіледі. Көлік ағыны солтүстік бағытта ұзартылған Назарбаев даңғылы да жеңілдемек.
Қазір Тимирязев көшесіндегі құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жақын арада бұл көше түбегейлі өзгеріске түспек. Веложолмен қатар, БРТ желісінің бірінші кезеңі ашылады. Бұл өз кезегінде, жол белгілері мен бағдаршамдардың қайта қойылуын қажет етеді.
«БРТ желісінің тұжырымдамасы бойынша, Мұстафин, Тимирязев көшелерімен қоғамдық көлік ортаңғы жолақ бойынша қатынайды. Жолдың сол жақ бөлігінде аялдамалар болады. Ал көшенің оң жақ бөлігімен басқа көлік құралдары жүреді. Бұл бастама халықаралық кеңесшілермен мақұлданды», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Ернұр Абжахан.
БРТ желісінің алғашқы кезеңі 8 шақырымнан асып жығылады. Қазір екі шақырымы аяқталыпты. Бұл жоба Мұстафин, Сүлейменов, Жандосов, Тимирязев көшесі бойымен Желтоқсан көшесіне дейін салынады. Пайдалануға қыркүйек айының аяғында берілу жоспарлануда. Қазір құрылыс жұмыстарымен қатар, БРТ желісінің екінші кезеңінің сметалық құжаттары әзірленуде. Ол Желтоқсан бойымен Төле би көшесіне дейін, Төле би көшесінен Шығыс айналма жолына дейін жүргізіліп, Шығыс айналма жолы арқылы қала шекарасына дейін ұзартылмақ.
Желінің алғашқы кезеңінің құрылысына 4 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған. Жауаптылар осы жоба арқылы жолаушылар тасымалын арттырмақ. Өйткені қоғамдық көліктер кедергісіз қозғалады әрі аралық уақыты 3 минутты құрайтын болады. Бұдан бөлек, қаладағы кептелісті азайту мақсатында үш жол айырығының да құрылысы жүріп жатыр. Жұмыстарды уақытында бітіру үшін қажетті аумақтарды сатып алу жұмыстары да қосалқы түрде жүргізілуде.
«Алматы қаласы бойынша үш жол айрығы салынып жатыр. Ол өздеріңіз білесіздер, Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысындағы, содан кейін Жансүгіров көшесі мен Сейфуллин көшесінің қиылысындағы, сонымен қатар, Рысқұлов даңғылы мен Құлжа күре жолының қиылысындағы жол айырықтары. Қазіргі кезде негізгі құрылымдары салынып жатыр. Аяқталу мерзімі 2019-шы жылдың желтоқсан айы», – деді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Сағындық Телібаев.
Сонымен қатар, Абай даңғылын шығыс бағытта, Назарбаев даңғылын Жансүгіров көшесіне дейін ұзарту жұмыстары жүргізілуде. Соңғысы қазан айында пайдалануға берілуі мүмкін. Жалпы, биыл жол инфрақұрылымын жақсарту үшін, 157 көше жөндеуден өтеді. Оның 101-інде жұмыстар аяқталса, қалғаны жаңа оқу жылына қарсы бітеді.