24.07.2018, 12:29

Алматыда 1 мыңға жуық отбасы ЭКО кезегінде тұр

Алматы қаласының Өңірлік коммуни­кациялар қызметі алаңында өткен бри­фингте шаһардағы Репродуктивті медицина институтының гинеколог-репродуктологі Л.Айтқожина сәби сүйгісі келетін ерлі-зайыптыларға қалай қуаныш сыйлап жүргендері туралы айтты.

Ләззат Кенжебайқызының айтуынша, заманауи техникалармен жабдықталған аталмыш институт емхана ғана емес, сондай-ақ, медициналық ЖОО студенттері мен курсанттары үшін оқу базасы болып табылады. Орталықтың дәрігерлері қазіргі таңда жетілдіру курстарының оқытушы тәлімгерлері ретінде де қызмет етеді. Сол үшін олар әлемнің ең жақсы емханала­рында оқып, білімін жетілдіріп, кәсіби шеберліктерін үнемі жетілдіріп отырады.

– Біз бедеулікті емдеудің заманауи әдістерінің көмегімен емделушілерімізге ата-ана болу бақытын сезінуге жәрдем­десіп, Қазақстандағы демографиялық мәселенің шешілуіне де септігімізді тигіземіз. Ұрықтандыру – «зергерлік өнер», сондықтан эмбриондармен барлық ем-шаралар микроаспаптарды қолданып зор ұлғайтумен жасалады. Ұрықтандыру және қалыптасу кезеңінде эмбрионды ешкім көре алмайды, мамандар эмбриологиялық зертханада дамудың барлық сатыларын қадағалап отырады. Сондай-ақ, зертханада мұздатылған биологиялық материалды: эмбриондарды, шәует жасушаларын, ооциттерді, овариалды және тестикулдық тінді сақтайтын қойма бар. Эмбриондарды мұздатып сақтау – бұл балалы болған, бірақ тағы бала сүйгісі келетін ерлі-зайып­ты үшін маңызды резерв, – деді спикер.

Жемісті еңбек пен емдеу сәттілігінің жоғары көрсеткіштерінің нәтижесі ретінде емхана тегін медициналық көмек шеңбе­рінде мемлекеттік тапсырыстардың үштен бірін орындайды. Бұл – квота бөлінетін экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) бағдарламалары және лапароскопиялық операциялар. 2010 жылдан бері мұқтаж жандарға үкімет квота беріп келеді. Деген­мен, өткен жылғы статистикалық мәліметке сүйенсек, еліміздегі отбасылардың 16%-ы бала сүйе алмай отыр. Мәселен, бір жылда шамамен 150 мың неке тіркелсе, оның 16%-ы, яғни 20-21 мың жұп – баласыз. Сонда орта есеппен жылына 6500 жұп ЭКҰ жасатады. Ал былтырмен салыстырғанда, биылғы квотаның саны сәл көбірек.

– Биыл Қазақстан бойынша 900 мем­лекеттік квота бөлінді. Бұл мұқтаж жұптар­дың тек 17%-ын ғана қамтиды. Демек, әлі де аз деген сөз. Бүгінгі таңда бір ғана Алма­ты қаласы бойынша 1000-ға жуық ерлі-зайыпты ЭКҰ кезегінде тұр, – деді Л.Айт­қо­жина.