10.07.2018, 14:55

Үлкен Алматы көлі туристерге тартымды бола түспек

Алматы қаласы Қазақстандағы туристер ең көп келетін аймақтардың бірі. Шымбұлақ пен Медеу, Шарын шатқалы мен Үлкен Алматы көлі отандық және шетелдік саяхатшылардың сүйікті орындарының біріне айналып үлгерген.

Ал, қала басшылары болса туризм саласын дамытуды одан әрі жалғастыруда. Мәселен, жуырда Үлкен Алматы көлінде туристердің суретке түсуіне арналған арнайы орын пайда болды. Бұл тек атқарылған жұмыстардың бір бөлшегі ғана. Дәл осы көл маңын саяхатшылар үшін қолайлы ету жұмыстары туралы бүгін қалалық әкімдікте өткен арнайы мәжілісте айтылды. Жиында Үлкен Алматы көлінің маңайында хостел иелері мен қалалық туризм басқармасының өкілдері рекреациялық аймақтың туристерге қолжетімділігі мәселесін талқылады.

Айта кетейік, мұның алдында Шакир Исламбакиев есімді Facebook қолданушысы туристік сервиске қатысты өз наразылығын білдірген болатын. Ер адамның айтуынша, Үлкен Алматы көліне қыдырып барған шетелдік студенттерден күзетшілер 44 мың теңгесін тартып алған. Кейін оның жазбасына Іле Алатауы ұлттық паркінің баспасөз қызметі ресми жауап берген.

«Мұз сөгілді! Керемет жаңалық! Бүгін ҮАК көшпелі жиынға қатыстым. Жиынды қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасы ұйымдастырды. Әкімдіктің үнсіз қалмағанына қуаныштымын!», - дейді хостел иесі Шакир Исламбакиев.

Оның айтуынша, енді Үлкен Алматы көлінде:

1) Көлдің айналасына дейін рұқсат етілген жерлердің шекарасы айқындалатын болды. 2) Осы шекараның периметрімен қоршау қойылады. Маңыздысы, қоршаудың өзі ландшафтты бұзбайтын болады. 3) Әр 50 метр сайын қазақ, орыс, ағылшын тілінде ақпарат тақталары орнатылады. Ереже бұзған жағдайда айыппұлдар туралы ақпарат ілінеді. 4) ҮАК абаттандыру жобасы дайындалады. «Селфи» жасайтын арнайы орын, саялы орындар, алаңдар жасалады. Жаңа жоба жақында қоғамдық талқылауға ұсынылады. 5) Көл айналасында автотұрақ мәселесі өз шешімін табады. 6) Көлді қорғау қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыс жүргізіледі.