15.11.2026, 03:30

«Келін ата-енесін тәрбиелейді»: Айгүл Иманбаева күтпеген мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

коллаж: Sn.kz

Әншінің сөзінше, отбасында әр адамның жеке шекарасын құрметтеу маңызды.

Танымал әнші әрі актриса Айгүл Иманбаева Динара Сәтжанға берген сұхбатында келін мен ата-ененің қарым-қатынасы туралы ойын ашық айтты. Өнер иесінің пікірінше, келін тек жаңа отбасына бейімделіп қана қоймай, ата-енесіне де өзіндік тәрбие береді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.

Айгүл Иманбаева келіннің отбасындағы орны туралы сөз қозғап, оның келуімен үйдегі үлкендердің де кейбір әдеттері өзгеретінін жеткізді.

«Келін үйге сені тәрбиелеу үшін келеді. Ата-енені тәрбиелеу. Мысалы, шорты киіп жүретін аталар шалбар киіп шығады. Майкамен шықпайды. Енеде күйеуіне ұрыса салатын бала көзінше, келін келгенде жайлап көзбен ұрысады. Оның бәрі тәрбие ғой, үйге келген келін ата-енесін тәрбиелейді», – деді актриса Айгүл Иманбаева.

Сондай-ақ өнер иесі ұлы есейген сайын оның жеке кеңістігін құрметтеуді үйренгенін айтты. Ал ұлы шаңырақ көтергеннен кейін оның бөлмесіне мүлде кірмейтін болған.

Әншінің сөзінше, отбасында әр адамның жеке шекарасын құрметтеу маңызды. Келіннің келуі де үй ішіндегі қарым-қатынас пен қалыптасқан әдеттерге өзіндік өзгеріс әкеледі.