Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов білім ошақтарының күрделі құрылысы мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының нысандарын апта сайынғыдай жоспарлы аралап шықты.
Қала басшысы Серікбай Трұмов бірінші кезекте 14-шағын аудандағы сумен жабдықтау және су тарту инженерлік желілерін қайта қалпына келтіру жұмысының барысын тексерді. Қазіргі таңда «ПУС» ЖШС мердігер мекемесі құбыр желісін бөлектеуді бастап, жаңа құбыр желілерін тарту мақсатында қазу алаңын тазалап қойды. Серікбай Трұмов мердігерге жұмысшылар санын арттырып, құрылысты жылдам аяқтауды тапсырды. Осы жылы №5 мектеп пен №4 мектеп-гимназия күрделі жөндеуден өтуде. 11-шағын ауданда орналасқан №4 мектеп-гимназияда құрылыс бірнеше бағытта жүргізілуде. 150-ге жуық жұмысшы екі ауысымға бөлініп, ағып жатқан төбе жабындысын жөндеп, ғимарат қабырғасын бекітіп, электр сымдарын жаңартып, сонымен қатар дайын кабинеттерді сырлап жатыр. Әрбір класс ішінде интерактивті тақтаны қосу үшін электрмен қамсыздандырудың жеке жүйесі қарастырылған. Жобаның жалпы құны 220 миллион теңгеден асады. Күрделі жөндеу жұмыстарының 80% аяқталды. 4-шағын аудандағы № 5 орта мектеп те күрделі жөндеуден өтуде. 1969 жылы салынған ғимаратта инженерлік коммуникацияларды ауыстыру, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұдан бөлек жалпы білім беру мекемесінің аумағы абаттандырылатын болады, волейбол, баскетбол және қолдан жасалған жасыл төсемі болатын футбол алаңшаларын салуға учаскелер дайындалуда. Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов «Унтасым Строй» ЖШС және «Инвест Құрылыс Групп» ЖШС мердігерлерін білім беру нысандарын жөндеуді өзінің жеке бақылауына алатынын және жүргізіліп жатқан жұмыс барысын тексеру үшін аптасына бір рет келіп тұратынын ескертті. Сонымен қатар Серікбай Трұмов «Строительная фирма «Факел» ЖШС-ның жас көшеттерді күті мен суару жұмыстарын тексерді.