Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес саласындағы қылмыстық істерді бұрмалаған полицейлерге қатысты шара қолданды деп жазады ҚазАқпарат.
Ведомство баспасөз қызметінің хабарлауынша, департаменттің жеке қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеріс жүргізіп, есірткі саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі облыстық және қалалық бөлімше қызметкерлері нәтиже қуу мақсатында қылмыстық істерді бұрмалағанын анықтады. Материалдар тәртіп комиссиясының отырысында қаралды.
«СҚО ІІД бастығы Берік Біләловтің бұйрығымен екі қызметкер ішкі істер органдарынан жұмыстан қуылды. Екі жедел уәкілге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жеке қауіпсіздік басқармасы іс бойынша тексеріс жүргізіп, сотқа жіберді. Облыстық және қалалық бөлімше бастықтарына қатысты қатаң шаралар қолданылды: олар лауазымынан босатылды», - дейді баспасөз қызметінің өкілдері.