31.07.2015, 10:45

Безбүйрек ана бес баласынан безді

http://kogamtv.kz/

Қызылорда облысында ішімдікке салынған ана бес баласынан бас тартты. Бұл туралы аймақтық Қоғам.ТВ телеарнасына сілтеме жасап Skifnews.kz

хабарлайды.

Жалағаш ауданының тұрғыны бес баласынан ішімдікті артық санапты. Бүгінде далада қалған бес баланы облыстық кәмелетке толмаған жасөспірімдер орталығы өз қамқорлығына алып отыр.

Анар, Рамазан, Мөлдір, Расул есімді төрт жеткіншек әзірге осы орталыққа орналастырылған. Ал әлі екіге де толмаған үйдің кенжесі, Мұхаммед уақытша балалар үйінде екен.

«Мен анамды көргім келмейді. Анамыз ішімдікке салынғаны соншалық, біз туралы ойламайды да. Осында бір мәрте келгенінде де масайып алыпты. Мен анамды қазір көргім келмейді», – дейді үйдің үлкені, 14 жастағы Анар.

Анасының жөнге келмейтінін білген орталық қызметкерлері патронаттық ата-ана іздей бастапты. Әзірге көңіл қуантарлығы сол, бүгінге дейін 3 бала тәрбиелеп отырған отбасы ананың қарауынсыз қалған балаларды асырап алуға ниет танытып отыр екен.