03.08.2015, 10:36

Ішіне көлік кірмейтін қала салынады

mosplakat.ru

Автокөліксіз қала. Қазіргі заманда мұндай ұғымның миымызға симайтыны анық. Алайда, экономикасы мен экологиясын қатар алып жүретін батыс елдері осындай жобаларды қолға ала бастапты. Бұл туралы 7kun.kz сайты жазады.

Еуропаның Дания елінде автокөлік қозғалысына тыйым салынған шағын қала құрылысы басталады. Қала Орхус қаласының шығыс бөлігінде орналасып, оған «Nye» деген атау берілмек. Қазақша «Жаңа» деген мағынаны білдіреді.

Жоба авторларының айтуынша, 15 мың тұрғынға лайықталған жаңа қалада тұрғындар мен табиғат арасында өзара үйлесім тапқан орта қалыптасады. Қалада автокөлік қозғалысына тыйым салынып, негізгі көлік ретінде велосипед пайдаланылатын болады. Ал, алыс-жақын елдімекендерге Орхус қаласынан жүрдек трамвай қатынайды.

Алайда бұл қала тұрғындары автокөлікті мүлдем қолданбайды дегенді білдірмейді. Көлік иесі өз көлігін қаладан қашықта орналасқан арнайы автотұраққа қоя алады. «Біз автотұрақты әдейі қаладан қашықтау жерге белгіледік. Өйткені, қала тұрғындары бір-бірімен автокөлік ішінде емес, велосипед ершігінде немесе еркін кеңістікте танысады. Қаланы жаяу немесе велосипедпен аралаған тұрғындар арасында өзара сыйластық пен көршілік қарым-қатынас қалыптасады.» — дейді жоба авторларының бірі Йорн Тэккер.

Қала құрылысы алдағы бес жылда толық аяқталып, пайдалануға беріледі.

 
Тегтер: қала Көліксіз