Жаңа оқу жылы басталар алдында Алматыда Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова баспасөз жиынын өткізді.
Жиында «Оқушылардың денсаулық жағдайы мен мектепке дайындығы, оқушылардың тамақтануы, тексерілген азық-түлік өнімдерінің сапасы бойынша, оның ішінде: бақша өнімдері, сусындар, сүт өнімдері, парфюмерлік-косметикалық өнімдер, ойыншықтар, шағымдардың түріне байланысты тағам өнімдерінің және медициналық қызмет көрсету сапасы бойынша ақпарат» тақырыбында мәселелер талқыланды.
Ата-аналар тарапынан ең басты мәселе оқушының омыртқасына күш түсірмейтін сөмкені таңдау болып отыр.
– Мектеп сөмкесі баланың жасы мен бойына сәйкес болғаны абзал. Бастауыш сынып оқушыларының сөмкесінің салмағы 700 грамнан аспағаны жөн. Жоғары және орта буын оқушыларының сөмкесі 1 келіден аспауы керек. Негізінен сөмкелерде жарық шағылыстыратын жапсырмалары болуы керек, – деді Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова.
Мамандардың айтуынша, баланың сөмкесін дұрыс таңдау – болашақта бірқатар аурулардың алдын алады. Оның ішінде сколиоз, остеохондроз, көк еттің жыртылуы деген сияқты аурулар бар. Сөмкенің арқасы ортопедиялық әрі қатты болуы тиіс. Қатты каркас омыртқаға түсетін жүктемені біркелкі етеді. Сонда баланың омыртқасына қатты күш түспейді екен.
Сондай-ақ, биыл оқулықтар мен дәптерлерге қойылатын айрықша талаптар бар. Атап айтқанда, парақтар қағаз сүзгі сияқты ар жағын көрсетпеуі тиіс. Кітаптардағы таңбалар қара түсті, анық болады. 1 кітаптың салмағы 1-4 сыныптар үшін – 300 грамм, 6 сыныптар үшін – 400 грамм, 7-12 сынып оқушылары үшін 500-600 грамм болуы керегін ескертті Қоғамдық денсаулықты сақтау Департаментінің басшысы.
Сонымен қатар, Алматыда жаңа оқу жылынан бастап, оқушылардың тамақтану жүйесінің жаңа стандарты енгізіледі. А.Молдақасымованың айтуынша, бірінші рет Қазақстан территориясында Алматыда оқушылардың дұрыс тамақтануының бірыңғай стандарты енгізіледі. 4 апталық мәзір Қазақстан тағамтану академиясымен, Ұлттық денсаулық орталығының мамандарының нұқсаулығымен жасалған.
– Енді қаланың барлық мектептерінде тамақтану қызметін атқаратын кәсіпорындардың барлығы тағамды бір стандарт бойынша дайындайтын болады. Бірыңғай стандарт бойынша 7-10 жастағы балалар сабақ мезгілінде - 840 ккал, 11-14 жастағы балалар - 951 ккал, 15-18 жастағы балалар 1020 ккал тағам тұтынатын болады, – деді Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы А.Молдақасымова.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ