$ 477.62  527.67  5.25

Жезқазғандағы түзеу мекемесінде тігін цехы ашылды

«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «АК-159/25 мекемесі» республикалық мемлекеттік мекемесінде тігін цехы ашылды. Жазасын өтеушілерді еңбекке баулитын цехтың ашылуына қалалық әкімдік пен прокуратура қолдау білдірген.

Тігін цехының салтанатты ашылуына қатысқан «АК-159/25 мекемесі» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Назыл Жәшібеков пен қалалық прокуратураның прокуроры Нұрман Наймантай кезінде аяғын шалыс басқандарды еңбекке тарту, олардың болашақтағы өміріне оң әсерін тигізетінін алға тартты. Шынымен, үнемі еңбек ететіндер құқық бұзушылыққа баруға ойы түгілі уақыты да болмайды. Сондықтан, түзеу мекемелерінде екі қолға бір күрек беретін жұмыс орындарын ашу маңызды.

Халықаралық ІІ «Түзеу мекемесіндегі жұмыспен қамту – 2017» конференциясында қабылданған концепцияны орындау мақсатындағы Елбасының тапсырмасы бойынша ел аумағында жазасын өтеушілерге арналып жұмыс орындары көптеп ашылуда. Жазасын өтеушілер өз жалақысы есебінен мемлекет және жеке тұлғалар алдындағы қарызын қайтарып, туғандарына қаржылай қолдау көрсетуге мүмкіндік алды. Алты тігін үстелі мен екі өндірістік тігін машинкасымен жабдықталған тігін цехы алты адамды жұмыспен қамтып отыр.

Айта кетерлігі, тігіншілердің барлығы төрт ай бойы Жезқазған технология және сервис колледжінде тігіншілік курсын тәмамдаған. Тігін цехына қажетті жабдықтауды «ЖезСвязьСтрой» ЖШС өз мойнына алса, түзеу мекемесінен үш бөлме ұзақ мерзімге пайдалануға берілген. Тігіншілер екі ауысымда төрт сағат жұмыс істейтін болады. Егер тапсырыстар көбейіп жатса, цехты ұлғайтып, жұмысшылар санын арттыру қарастырылмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары