Қоғамда үлкен шу тудырған «Көк Жайлау» жобасы жүзеге аспауы мүмкін. Бұл туралы Алматы әкімі Бауыржан Байбек бүгінгі Тамыз конференциясында мәлімдеді.
Қала басшысы қоғам белсенділерінің талап-тілектерінің ескерілгенін, жаңа жасалған концепцияда экологияға түсетін ауыртпалықтың азайғанын атап өтті.
«Көк Жайлау курортының жаңа жобасы 2013 жылғы ескі жобамен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріске ұшыраған. Атап айтқанда, адам қабылдау көрсеткіші 2 есеге қысқарып, 10 мыңнан 5 мың адамға төмендетілді. Ал, трасса ұзындығы 65 шақырымнан 24,5 шақырымға дейін қысқарса, трассалардың жалпы аумағы 155 гектардан 66 гектарға дейін кеміді. Аспалы арқан жолдарының саны да азайып отыр, бұрынғы жоба бойынша 12 болса, қазір 5-ке жетті. Көлдер 3-тен 1-ге қысқарды. Жалпы құрылыс алаңының аумағы 13,6 есеге кеміп, 253 мың шаршы метрден 18,5 мың шаршы метрге дейін жетті», - деді Б.Байбек білім беру саласының мамандарымен болған кездесуде.
Ол курорттық аймақтың жалпы көлемінің де 100 гектарға азайғанын айтып отыр.
«Біз қоғамдық тыңдаулар өткіземіз, барлық сауалдарға жауап береміз. Тағы айтқым келеді, ашықтық пен есептілік – әкімдік жұмысының негізгі қағидалары. Бастысы – тараптардың барлығы популизммен айналыспай ақылды пікір айтса, негізді деректерге сүйенсе екен дейміз. Әрбір шешім ойланып, талқыдан өтуі тиіс. Бірақ, тағы да айтарым, егер қоғам бізді қолдамаса біз бұл жобадан бас тартамыз», - деді Байбек.
Айта кетейік, «Көк Жайлау» тау шаңғысы курортының құрылысына қатысты қарама-қайшы пікірлер соңғы екі жылдан бері қызу талқыланып жатыр. Қоғам белсенділері мен экологтар курортты салған жағдайда табиғи апаттың болуы мүмкін екенін айтса, туризм саласының мамандары ешқандай қауіптің жоқтығын, керісінше экономикалық тұрғыдан пайданың мол екенін мәлімдеп жүр.
«Көк Жайлаудың» басты артықшылығы, мұнда жыл бойына қар мол жауады ( 9 м) және шаңғы тебу мерзімі де ұзағырақ (7 ай), яғни, «Көк Жайлауға» түсетін қар бұрыннан бар курорттар Шымбұлақ пен америкадағы «Вейл» (8 м 80 см) курортына жауатын қарға пара пар.
Мұнда тау шаңғысымен қоса маусым аралығында альпинизм, тау велосипеді, жаяу жүру, кэмпинг, спа процедуралар сияқты спорттық қызметтер көрсетілетін болады. Курортқа «Медеу» арқылы гондольді жолмен баруға болады. Сонымен қатар, «Медеуден» халықаралық аэропортқа да жол қысқа, бұл да бір артықшылық. Мысалы, Сочиден аэропортқа баратын жол 4 сағат; швейцарлық «Церматтан» - 3 сағат; «Медеуден» Халықаралық Алматы аэропортына небәрі 30 минут кетеді.