$ 445.66  474.58  4.78

Өскеменде мемқызметкерлер еккен 500 түп ағаштың тек екеуі ғана өсіп шыққан

Өскеменде мемлекеттік қызметкерлер жар салып, ағаш ектік деп берген есебіндегі 500 талы, екі-ақ тал боп шықты. Бұл не сонда, көзбояушылық па? Уақытша науқан ба? Әлде көшет отырғызу Қазақстанда шынымен, үлкен бизнес пе? Бұл шараға қанша ақша кеткені ол өз алдына бөлек әңгіме. Анығы, көктемде ғана отырғызылған талдар, күз болмай қурап тұр. Өйткені, Өскеменде егілген ағашты кімнің суаруы керектігі масқара болғанда, әлі күнге анықталмапты.

Көктемде егілген көшеттердің көктей солып қалғанын экологтар көріп дабыл қағуда. Олар өсіп тұрған жас шыбықтарды қиып әкеліп, кез-келген жерге отырғызу қаланы абаттандыруға жатпайды дейді. Қайта керісінше, қоршаған ортаға зиян келтіру деп санайды.

«Нақты осы аумақта 500 түп көшет отырғызылған екен. Бәрін аралап көргенімізде тек екеуі ғана көгеріп, өсіп келеді. Ағаштар егілген басқа аумақтарда да осындай жағдай. Көктеп тұрғандары бір-екеу ғана», - дейді эколог Елена Полянцова.

Табиғат жанашырлары бұлай тал отырғызуды тоқтату керек деп талай мәрте айтыпты. Бұл пікірді өзге де қала тұрғындары қолдайды. Станислав Каримов осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы аллеяға келіп, ағаштарын отырғызған. Мамандардың кеңесі мен күнделікті бағып-күтуінің арқасында талдары қазір мәуелеп өсіп қалыпты.

«Әрбір ағаш өте көп ақша тұрады. Оның үстіне адамдар егіп, өз уақыттарын да жұмсап жатыр ғой. Сондықтан оларды еккенде ары қарай суару мәселесін де естен шығармай, бір жүйеге келтіру керек. Тіпті ағаштарды отырғызу барысында арнайы агроном мамандарды шақырып ақылдасса мұндай келеңсіздік болмас еді», - дейді Өскемен қаласының тұрғыны Станислав Каримов.

Ал, қалада жаппай егілген ағаштарды кімнің суаруы керек екенін ешкім білмейді.

«Мемлекеттік қызметкерлер болмаса басқа да қала тұрғындарының еккен ағаштарын біздің мекеме суаруға міндетті емес. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейміз. Келісім шарт бойынша мойнымызға міндеттелген аумақтағы ағаштарды ғана суарамыз. Ал бұл көшеттердің қурап қалуына біздің қатысымыз жоқ», - дейді «Өскемен-Тәртіп» МКК жетекшісі Тамара Рақымжанова. 

Осыдан жарты ғасыр бұрын отырғызылып, қазір қартайып бара жатқан ағаштардың қоршаған ортаны тазартуға қосар үлесі азайып барады. Сондықтан да жас талдарды еккенде өзіңнің еңбегіңді көрсету үшін емес, ертеңгі өсетін өмірін көбірек ойлаған абзал. Егер бұл жұмыспен арнайы мамандандырылған мекеме ғана айналысса онсыз да қазіргі ауасы лас өндірісті қала Өскеменнің келешегінен көп өзгеріс күтуге болады.

Дереккөз: 31-арна

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары