$ 498.34  519.72  4.85

Қоғамда зорлық-зомбылыққа жол беруге болмайды

Орал қаласында «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігі он жылдан астам уақыттан бері қоғамда гендерлік теңдікті қалыптастару, әйелдердің құқықтық, интеллектуалдық сауаттылығын көтеру бағытында қызмет етіп келеді.

- Гендерлік саясат аясында еңбек етіп жүрген өзге қоғамдық ұйымдармен салыстырғанда біз тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы, адам саудасы, адамдардың өзіне-өзі қол жұмсаушылығын алдын алу сынды өзекті мәселелермен айналысамыз. Осы бағыттағы заңнамалар немесе соған сәйкес заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізілсе, жұртшылық өкілдеріне оны түсіндіріп, талқылаймыз. Шараларымызға учаскелік полиция инспекторларын, жергілікті атқарушы билік құрылымдарының өкілдерін, өзге де мүдделі жандарды шақырамыз. Сондай бір шарамызда полиция қызметкерлері көбіне зардап шегуші әйелдер арыз жазбайтындарын айтты. Егер арыз болмаса, құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай шара қолданылмайды. Ал задап шегуші арызды неге жазбайды? Себебі, оны жазған жағдайда отағасына 100 мың теңге көлемінде айып салынады екен. Яғни бұл отбасылыққа бюджетке кері әсерін тигізеді ғой. Міне, осы жайттарды біз талқыға салып, хаттамаға түсіріп, қала, аудан, облыс тұрғындарының атынан тиісті орталық мемлекеттік құрылымдарға, Парламентке ұсыныс-пікірлерімізді айтып, хат жаздық. Нәтижесінде ол заңнамаға өзгеріс енгізіп, айыппұл алынып тасталды. Бұл нәтижеге қолжеткізуге тек біз үлесімізді қостық дей алмаймыз. Көптеген өңір тұрғындарынан, өзге де мүдделі ұйымдардан түрлі ұсыныстар түскен шығар. Десек те осы иглікті іске себепші болғанымызға қуанамыз,-дейді «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Хадиша Мұқанова.

Биыл бұл ұйым тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнап мамандар тегін кеңес беретін қауырт желіні іске қосып, бұл бағытта статистика мен анализ жүргізуді қолға алды. Сондай-ақ әйел кәсіпкерлерді қолдау, қоғам дамуына нәзік жандылардың әлеуетін пайдалану сынды семинар-тренингтер ұйымдастырды. Облыстың шалғайдағы бес ауданына барып, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының мәні мен маңызы туралы айтып, ондағы әйелдер қауымының құқықтық-қаржылық сауатын артыру шараларын өткізді.

Ағымдағы жылы Орал өңірінде өткен ірі іс-шараның бірі - ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғанына 20 жыл толуына орай өткен жиын. «Гендерлік саясатты іске асыруда мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылы, аймақтық ынтымақтастық тәжірибесі» деп аталатын халықаралық конференцияны  «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігі жоғары деңгейде ұйымдастырғанын да айта кеткен жөн.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары