25.08.2018, 11:59

Қарызын алуға кетіп, қайта оралмаған алматылық жігіттің өлі денесі табылды

Алматыда әріптесінің үйіне қарызын қайтарып алу үшін кеткен алматылық Зинур Хамитовтың мәйіті табылды. 24 жастағы жігіт 23 тамыз күні кешкі уақытта үйінен шығып кеткен болатын.

"Денесін көріп таныдық. Оны өлтіріп, суға лақтырып кетіпті. Ол небәрі 24 жаста болатын. Үйленуді жоспарлап жүр еді. Өте ақылды, мектепте де жақсы оқыды. Мейірімді, ешқашан адам баласына жамандық істемейтін бала түғын", - дейді марқұмның туысы.

Еске салайық, Алматыда Зинур Хамитов есімді жігіттің жоғалып кеткені туралы ақпаратты оның анасы таратқан болатын. Әйелдің айтуынша, ұлы су тасымалдау компаниясында жұмыс істеген екен. Әріптесі одан 100 мың теңге қарыз алып, 23 тамызда қайтарып беруі тиіс болған. Түнгі 22:00 шамасында Зинур ақшасын алу үшін Тұздыбастау ауылына кетіп, сол күйі оралмаған.