Теміртауда автобустың жүргізушісі мен жолаушы әйелдің төбелесі видеоға түсіп қалды. Осынау сәттегі бейнежазба Instagram желісіндегі парақшалардың бірінде жарияланған.
Оқиға Теміртау - Қарағанды бағытындағы №107 автобуста болған. Etemirtau порталының жазуынша, бейнежазбада жүргізуші әйелді салонға кіргізбей, есікті жауып алады. Жолаушы әйел бірнеше рет өтініш жасаған. Алайда, әлгі оның сөзіне еш құлақ аспайды. Шарасы қалмаған әйел жүргізушіні видеоға түсіре бастаған, сол сәтте автобус жүргізушісі оның қолындағы телефонын тартып алмақшы болады.
Ер адамның әйелге көрсеткен қылығы автобустағы басқа адамдардың да ашуын келтірген. Өйткені автобус жүргізушісі балағат сөздер көп қолданған.
Видеоның астына жолаушы әйелдің Қазақстандағы белгілі бапкер әрі кинолог Евгения Полтавцева екенін жазған. Жүргізуші оның қолында иті болғаны үшін кіргізбеген сыңайлы. Алайда әйелде автобус билеті бар, ал бес айлық күшікке тұмылдырық және қарғы бау тағылған.