$ 498.34  519.72  4.85

Шымкенттегі №64 мектеп мұғалімдері оқу басталар кезде жөндеу жұмыстарына жегілген (ВИДЕО)

Шымкенттегі Ж.Аймауытов атындағы №64 орта мектептің оқушылары жаңа оқу жылында сабаққа бара алмайтын секілді. Мектепте қазір оқуға қажетті жиһаз атаулы атымен жоқ, мұғалімдер болса тендерді жеңіп алған құрылыс компаниясының орнына жөндеу жұмыстарын өздері жүргізіп жатыр деп жазады NewTimes.kz.

Аталған мектептің мұғалімі Сағира Нұрбекованың айтуынша, мектеп ұжымы 25 мамыр күні ғимаратты құрылыс компаниясының өкілдеріне толықтай босатып берген екен. Тіпті, жиһаздарын да өздерімен бірге шығарып алып кетіпті. Алайда, еңбек демалысынан кейін мектепке оралған педагогтар сыныптардың жағдайын көріп шошынғандарын айтып отыр. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін тендер арқылы қомақты қаражатты жеңіп алған компания бастаған жұмыстарын аяқтамапты.

«Мектепті күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен миллиондаған қаражат бөлінді. Ол ақшаның қайда жұмсалғаны туралы айтпай-ақ қояйын. Бірақ, еңбек демалысынан келген мұғалімдерді жөндеу жұмыстарына жегу деген ақылға еш қонбайды. Әйелдер жөндеуден кейін былғанған еден мен қабырғаларды жуып, кабинеттерді әктеп, бояп жүр. Ерлер болса күрделі жұмыстарды атқарып жатыр. Бізге сондай-ақ, ғимараттың сыртын да тазалатты. Мынадайды көргеннен кейін кім мұғалім болғысы келеді?», - дейді педагог.

Оның айтуынша, 29 тамызда мектепте жаңа оқу жылына дайындық шарасы өтеді. Оған оқушылар мен ата-аналардың келетіні белгілі. Сондықтан, мектеп басшылары мұғалімдерді еңбекке жегіп, атаулы күнге үлгерудің қамын жасап жатыр екен.

«Жұмысқа бүкіл мұғалімдерді жекті. Өзге мекемелердің мұғалімдері бұл уақытта түрлі семинарларға қатысып, жоспарларын жазып, жаңа оқу жылына дайындалып жатыр. Ал, біз біреудің ауыр жұмысын істеуге мәжбүрміз», - дейді Сағира Нұрбекова.

Оның айтуынша, жөндеу және тазалау жұмыстары аяқталған соң тағы сол мұғалімдерге мектеп жиһаздарын түгел тасытқалы жатқан көрінеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары