10.08.2015, 06:50

Алматының барлық ғимараттарын мүгедектерге лайықтайтын болады

old.liter.kz

Алматы қаласының 3000 әлеуметтік, білім беретін және мәдени нысандары пандустармен және көтергіштермен жабдықталады.

2020 жылға дейін Алматының барлық ғимараттарында мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдай жасалатын болады. Осы мәселе облыстың әлеуметтік қорғау координациялық кеңесінде талқыланды деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.

Мүмкіндігі шектеулі адамдар бәрінен бұрын қоғамдық көлік пен мекемелерге кедергісіз кіргісі келеді. Координациялық кеңес отырысы барысында бұл мәселе 2020 жылға қарай толықтай шешіледі делінді. Бүгінде қаланың барлық аудандарында тиісті жұмыстар жасалып, бастап кетті. Жыл соңына дейін 648 нысанды төлқұжаттандыру жұмыстарын жасау керек.

«Өткен жылы 2057 нысанды төлқұжаттандыру керек болатын. Оның 93 пайызы жасалды. Ағымдағы жылдың жеті айы ішінде ол көрсеткіш 50 пайызды ғана құрап отыр», — дейді әкім орынбасары Юрий Ильин.

Алматыда 42 мың мүгедек тіркелген. Олар үшін тек емін-еркін жүріп-тұрудан бөлек, жұмыспен қамту мәселелері де шешіліп жатыр. Әр кәсіпорында қызметкерлердің 2 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар бола алады. Одан бөлек, орта және шағын бизнесті қолдау бағдарламалары, дайындық курстары, әлеуметтік жұмыс орындары да қарастырылған.