Қазақ халқында қалыңдықтың неке түніне дейін пәктігін сақтауы аса маңызды. Бұл үрдіс оңтүстік өңірлерінде жақсы сақталған. Бірінші түннен кейін жеңгелер төсекті қарап, қыздың абыроймен келгеніне көз жеткізеді. Егер келін пәк болмай шықса бұл оның өмірінің соңына дейін сүйегіне басылған таңба болатыны анық.
Осындай үлкен жанжалмен аяқталған оқиға жуырда ғана Қызылордадағы отбасылардың бірінде болыпты. Жаңа алған әйелімен неке түнін өткізген күйеу жігіт оның қыз емес екенін біліп қойып, сол түні-ақ ата-анасының үйіне апарып тастаған деп жазады Nur.kz.
«Біз Толқынмен ұзақ уақыт кездескен жоқпыз, тек 6 ай ғана бірге жүрдік. Ол маған қатты ұнады, ата-анам да тезірек үйлен деп алқымнан алған. Дереу сөз айттым да, қыздың келісімін алдым.
Үйленгенге дейін біз төсектес болмадық. Бұл Толқынды алаңдататын. Мен асықпауға шақырдым, оның пәк екеніне сенімді едім. Екі тарап та тойға дайындалды, шақыру билеттерін таратып, тойымызды асыға күттік», - дейді қызылордалық Алмас Шәймерден есімді жігіт.
Оның айтуынша, қыз ұзату тойы аса жоғары деңгейде өткен. Құдалар салт-дәстүр бойынша төс қағыстырып, бір-біріне қымбат сыйлықтар жасасыпты.
«Ұзатудан кейін мен Толқынды үйге алып кеттім. Мен өзім ауданда тұрамын, бірақ қалада жұмыс істеймін. Түнде үйге достарым мен туыстарым жиналып, таңға дейін атап өттік. Келесі күні беташар болатындықтан сол түні келіншегіммен жақындаспадым», - дейді жігіт.
Келесі түні көптен күткен неке түні де болған. Жеңгелері оларға әппақ төсек салып, екеуін оңаша қалдырыпты. Алайда, Толқынға бұл үрдіс аса ұнай қоймаған, ол ашуланып, мұның дұрыс еместігін меңзей бастаған. Артынша белгілі болғаны, қалыңдық пәк емес екен.
«Әрине, мен Казанова емеспін, бірақ қыз бен әйелді ажырата аламын. Бірақ, ол қыз болмай шықты. Мен өз әйелімнің пәк болғанын қалаймын, ертең өмір бойы менің бетіме қалай қарайды? Ол менің балаларымның анасы болуы керек қой?! Біздің ұрыс-керісті ата-анамыз сол түні-ақ естіп қойды. Не болғанын толық айтып беруіме тура келді», - дейді Алмас.
Жас жұбайлар ресми түрде некелесіп үлгермепті.
«Некемізді қиып үлгермегеніме қуандым. Таңертең ерте тұрып Толқынды ата-анасының үйіне апарып тастадым. Үйінде әлі туыстары бар екен, тойдан кейін ауылдарына қайтып үлгермеген. Мен қыздарын қалдырдым да, ешнәрсе айтпастан кетіп қалдым», - дейді қызылордалық жігіт.