22 жастағы шымкенттік Анар бір кездері күйеуі үшін модельдік карьерасы мен табысты жұмысынан бас тартқан. Алайда, соңында жалғыз қалды деп жазады newtimes.kz.
Анар Павлодарда жетімдер үйінде туып-өсіпті. Өз қаласында ЖОО-на грантқа түсіп, оны жақсы аяқтаған. Сөйтіп арман қуып Алматыға келеді. Бұл жақта бойжеткен модель болып жұмысқа орналасып, болашақ жарын сол кезде кездестірген екен.
«Мен мектепте, университет қабырғасында сұлулық байқауына қатысатынмын. Маған ынтық жігіттер көп еді. Өз жігітімді Алматыдағы ғимараттардың бірінде жолықтырдым. Ол әдемі болатын. Астында қымбат көлігі де болды. Сөйтіп ол екеуміз кездесе бастадық. Менің әке-шешесіз өскенімді естіп, ол маған ендігіде отбасым барын айтты. Бір жылдан кейін жігітім Дубайда үйленуге ұсыныс жасады. Ол кезде мен бақытты едім», – дейді Анар.
Айтуынша, Анар тұрмысқа шыққанша модельдік жұмысын тастамаған. Кейін Шымкентке жігітімен кеткенде, барлық жоспары мен армандарынан бас тартыпты. Сөйтіп екі жас дүркіретіп той жасаған. Алайда, барлық келеңсіздіктер тойдан кейін басталыпты. Енесі Анарды жетім болғаны үшін түртпектеп, күн көрсетпей қойған.
«Үйлену тойынан кейін күйеуімнің анасы өзгеріп кетті. Жетім болғаным үшін мені жақтырмады. Тіпті, шай құйғанымды да ұнатпай, әр қадамыма сөйлей бастады. Сол үшін күйеуім екеуміз жиі ұрысатынбыз. Енеме жүкті екенімді айтқанда, еш қуанбады. Үйдегілердің ешбірі мені келін деп қабылдамады. Бір күні анасының түртпегіне шыдамай үйден кетіп қалдым. Алматыдағы құрбымның үйіне келдім. Күйеуім артымнан іздеп келмеді. Бір айдан кейін ажырасуға арыз беріп, өзіне бала да, менің де қажет емес екенімді айтты», – дейді жыламсыраған келіншек.
Босануына санаулы күндер қалған Анар ертеңгі күні баланы жұмыссыз жалғыз қалай асырайтынын білмейтінін жеткізді.