$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда Татуласу орталығы ашылды

Еңбек дауларын енді сотқа жеткізбей шешуге болады. Алматыда Татуласу орталығы ашылды. Онда медиатор, судья және психологтар ақысыз көмек көрсетеді. Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы туындаған кикілжің бітімгершілік жолымен реттеледі.

Салтанатты түрде лентасы қиылған Татуласу орталығында жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы туындаған даулы мәселелер сотқа жеткізбей шешімін табу үшін құрылды. Мұнда медиатор, нотариус қызметкерлері, жеке сот орындаушылары және психологтар көмек көрсетеді. Мария Попилова қызмет етіп жүрген мекеме басшылығымен арада кикілжің жағдай туындап, даулы мәселенің шешімі табылмай жүрген. Әлеуметтік желіге жағдайын жазған келіншекке «Алматы қалалық Кәсіподақтар орталығы» АКБ мамандары көмек көрсеткен.

«Алматы қалалық Кәсіподақтар орталығының» басшылығы тез арада көмек көрсетті. 2 күн ішінде мәселе оң шешімін тапты. Оларға алғысым шексіз. Бүгінгі ашылған орталық та талай даулы мәселені сотқа жеткізбей шешуге септеседі деп ойлаймын», – деді Мария ПОПИЛОВА.

Көбіне азаматтар жалақыны уақытылы төлемеу бойынша шағым түсіреді дейді медиаторлар. Қалғаны жұмыстан заңсыз шығару мен басқа да мәселелерге қатысты көрінеді. Сондай-ақ, арыз түсірушілердің басым бөлігі жұмыс берушілерімен келісім-шарт бекітпей орналасып жатады. Сол себепті, сотта жұмыскерлердің құқығын қорғау қиынға соғады.

«Жұмысшы шағым түсірсе, оны қабылдап, біз жұмыс берушісіне барып мән-жайды анықтаймыз. Кейде екі тарапты шақырып, жиналыс өткіземіз. Ал кей жағдайда екі тарапты бөлек қарайтын кездер болады. Осындай отырыс нәтижесінде келісімге келгенде, біз олардың қарым-қатынасын жақсартуға да мән береміз», – деді кәсіби медиатор Ирина РОДИОНОВА.

«Алматы қалалық Кәсіподақтар орталығында» ашылған Татуласу орталығы таңғы сағат 9-дан бастап, кешкі алтыға дейін жұмыс істейді. Азаматтар ондағы мамандардан кеңестерді тегін ала алады.

«Соңғы жылдары Алматыда еңбек дауы 1,5 есе ұлғайып кетті. Сондықтан мұндай орындар сол дауларды азайтуға септігін тигізеді деп санаймын. Бітімгершілік орындары Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Open Almaty» қоғамдық қабылдау орталығында жұмыс істейді», – деді «Алматы қаласы Кәсподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Зәуреш ӨМІРБАЕВА.

«Осындай орталықтардың қандай тиімділігі бар деген сұрақ туындауы мүмкін. Дау-дамайға қатысы бар адамдар уақыттарын үнемдейді. Өздеріңіз білесіздер, Салық кодексі бойынша арыз берушілер міндетті түрде салық төлеуі керек. Сол салықты төлемей-ақ, осы жердегі тегін медиаторлардың және заңгерлердің көмегіне жүгінуіне болады», – дейді Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы ӘБДІҚАНОВ.

Қазіргі кезде кәсіподақтардың негізгі міндеті – еңбек дауларын шешумен қатар, жұмысшылардың бос уақытын ұйымдастыру. Оншақты жыл бұрын мұндай қауымдастықтар тұрғын үй алу немесе қызметкердің баласын балабақшаға тіркеуге жәрдемдесу сияқты мәселелерді шешумен ғана айналысатын.

Бүгінде Алматыда құрамына 187 мың адам кіретін 657 кәсіподақ ұйымы бар.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары