Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жанынан құрылған үгіт-насихат тобы Мақтарал ауданында болды.
Көпшілікпен кездескен топ мүшелері Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» ұлттық реформасы жайлы баяндады. Кездесу кезінде жемқорлықтың алдын алу жолдары кеңінен насихатталды.
Үгіт-насихат тобының жұмысы Мырзакент кентінен басталды. Кездесуде көп ұлтты еліміздегі бірлік пен берекені қамтамасыз ете отырып, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру, өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтар мен патриотизмге баулу мәселелері айтылды. Қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлық мәселесі де назардан тыс қалмады.
Бұл бағытта «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі мен аталмыш агенттік арасында меморандум түзілді.
Жоба аясында «Парасыз мемлекет құру отбасы тәрбиесінен басталады» деген атаумен арнайы жобалар жүзеге асады.
- Ортақ мәселеміз – ол біздің үлкен үй, үлкен мемлекет деп айтып отырмыз, міне, бұл тұрғыда көп ұлтты мемлекет екенімізді паш ете отырып осы тұрғыда барлық мәселе отбасы тәрбиесінде екендігін, мына парасыз мемлекеттің өзінің отбасы тәрбиесіне қатысты екендігін түсіндіру мақсатында шалғай ауылдарда, аудандарда, мына басшылардың, билікте отырған адамдардың аяғы жете бермейтін жерлерге біз мүмкіндігінше келіп жатырмыз, -- деп атап өтті ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Оңтүстік Қазақстан облыстық департаментінің бөлім басшысы Гүлжан Мұсабекова.
Келелі кездесу Асықата кентінде жалғасты. Онда ата дініміз бен салт-дәстүріміз дәріптелді. Қоғамның ілгері дамуы ішкі қауіпсіздік пен діни тұрақтылыққа байланысты екені айтылды.
Жиын соңында қатысушыларға арнайы үнпарақтар таратылып, болашақтың бағдарламасы жайындағы ой-пікірлері мен ұсыныс-тілектері тыңдалды.