Еліміздің тамыры терең тарихын, халық қастерлеген қасиетті мекендерінің, құрметті есімдерінің маңызын өскелең ұрпаққа таныстыруды мақсат еткен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағлымы мол сапар ұйымдастырылды.
Қаланың белсенді жастары, еріктілер, қадірлі ардагерлерден құралған топ таңсәріде жолға шықты. Олардың ұстаған бағыт – таңғажайып Теректі әулие. Тағлымы мол сапарды Жезқазған қалалық ішкі саясат бөлімінің әлеуметтік тапсырысымен «Шындық» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. 100 шақырымдық жолды артқа тастаған жолаушылар ең алдымен бабалар рухына тағзым етіп, әруақтарға арнап құран оқыды.
Теректі әулие деп аталатын мекен – қызыл қоңыр тастан тұратын бес-алты төбешік. Аталған төбелердің беті толған сурет. Бұл суреттер тас бетіне қашалып салынған. Киелі жерде қалған пиктограмма мен петроглифтер сол дәуірдегі адамдардың ақыл-парасатының, ой қиялының, таным-түйсігінің бізге жеткен нышаны.
Тарихшы Ғабдол Әуезов бұл сапарда бас экскурсавод болып, тарих тұнған киелі мекен жайында айтып берді:
- Жалпы саны 300-ге тарта петроглиф бар. 90 % астамы жылқы малының бейнесі. Бұл көшпелі халықтың осы жерде мекен еткенін дәлелдейтін тарихи айғақ. Бұл таңбалардың ерекшелігі, байтақ Қазақстанның жерінде бұндай петроглифтер қайталанбайды, - дейді тарихшы.