Орақ тілді, от ауызды жезқазғандық жастар қала әкімінің кубогын сарапқа салды. Қалалық ішкі саясат бөлімінің жанындағы жастар ресурстық орталығының тапсырысы бойынша пікір-сайыс турнирін «Company muslim.kz» ЖШС өткізді.
Жезқазған педагогикалық колледжінде өткен шешендер сайысына қалалық еріктілер клубы да атсалысқанын айта кеткен жөн болар. Жезқазған қаласы әкімінің кубогы үшін пікір-сайыс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде өткізілді. Жиырмадан астам қатысушы «Жезқазған өңірінде туризмді дамыту жолдарын ұсынады» деген тақырыпты қызу талқыға салып, өз ойларын жеткізді.
Жезқазған-Ұлытау аймағында туризмді дамыту үшін қажеттінің бәрі барын айтып жатудың өзі артық. Өйткені, Президенттің өзі Ұлытауда туристік орталық қалыптастырып, халқымыз тәу ететін орынға айналдыруды күн тәртібіне қойып отыр. Пікір-сайыс алаңына келген әр топ ізденіп, біліммен қаруланғаны қуантты.
–Жезқазған-Ұлытау аймағында 687 тарихи ескерткіш бар екен. Әрқайсының арасы бәленбай шақырым болып созылып жатыр. Бір ескерткішті көріп қайту үшін бір күн кетеді. Теректі әулие археологиялық кешені, Алаша хан, Домбауыл, Жошы хан, Болған ана, Құлан ана, Жансейіт кесенелері, Ақмешіт әулие, Қойлыбай әулие, Едіге, Тоқтамыс қорымдары, Байқоңыр, Зыңғыртау, Тамды тастағы хан ордалары – бұлардың әрқайсысы қадау-қадау, бір-бір елдің маңдайға басқан жұлдызындай қастерлі, қолға түспейтін керемет, ғажайып ескерткіштер. Осылардың әрқайсысы қасынан жеке мұражай ашуға әбден болады, - деген «Ақиқат» тобы жүлделі І орыннан табылды.
Ал, туризмді дамытудың басты тетіктері инфрақұрлымда екенін айтқан Ө.Байқоңыров атындағы «Ұрпақ үні» тобы жүлделі ІІ орынан көрінді. Жезқазған-Ұлытау аймағын туристік орталыққа айналдыру мақсатында тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, оларды бейтаныс кәсіпке және әрекетке бейімдеу, демалыс, дене тәрбиесі, туризм саласында мамандар дайындауды жеделдете қажет деген пікірін ортаға салған ұлытаулық «Торпеда» командасы қола жүлдегер атанды.
Айта кету керек пікір-сайыс туринирі екі тілде өтті. Орыс тілділер арасында жүлделі І орын Жезқазған политехникалық колледждің «Фемида» тобына бұйырса, «ЖезГум» тобы ІІ орыннан табылды. №3 орта мектептің «Дан» тобы ІІІ орынға тұрақтады. Жеңімпаздар дипломмен әрі бағалы сыйлықтармен марапатталды.