$ 489.06  536.21  5.05

Хан жолының бойымен

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Абылай ханның қара жолы» атты жоба қолға алынған еді. Жобаны жүзеге асыратын экспедиция Абылай ханның қарапайым сарбаздан тақ иесі, хан дәрежесіне дейінгі өсу жолына куә болған Көкшетаудан бастау алды. «Көкшетау-Ақмола-Ұлытау-Түркістан» керуен жолымен мыңдаған шақырымды енсерген топ Жезқазғанды да айналып өтпеді. «Абылай ханның қара жолы» атты экспедиция мүшелерін қала басшысының орынбасары Зина Ақылбекова бастаған Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің ұжымы қарсы алды.

Дөңгелек үстелдің басындағы жылу жүздесуді жүргізген қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова алдымен қала тарихынан сыр шертіп, Жезқазған өңірін таныстырды да экспедиция жұмысына сәттілік тіледі. Одан соң жоба жетекшісі Мұрат қажы Ыдырысұлы «Абылай ханның қара жолы» атты экспедицияға шығуда мақсат-міндеттер хақында айтып берді.

– «Абылайханның қара жолы» жобасының ата-бабалар тарихын жаңғыртудағы маңызы зор. Біз жол бойындағы ауылдарға соғып, аңыз-әңгімелер жинап, сапар барысында кездескен тарихи орындарды белгілеп, қағазға түсірудеміз. Сапар қорытындысы бойынша ғылыми мақалалар жарық көретін болады. Ал, негізгі мақсатымыз қазақ даласының тарихын зерделеп, үш жүздің басын қсоқан Абылай бабамыздың ел мен жерді сақтап қалудағы зор еңбегін паш ету - деді ол.

Үш көлікпен жолға шыққан, құрамына белгілі ғалымдар мен тарихшылар, өлкетанушылар, қоғам қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кірген экспедиция тарихи мәліметтер жинап, Абылай мен оның заманы туралы ғылыми мақалалар мен зерттеулерді жинақ ретінде жарыққа шығармақ. Сондай-ақ, «Абылай ханның қара жолы» атты көркем фильм түсіруді де жоспарлап отыр. 3700 шақырымдық жолды артта қалдырған экпедиция Түркістанға жеткен соң оңтүстіктен солтүстік бағытқа, яғни Шымкент, Шу, Балқаш, Қарағанды мен Астана қалалары арқылы Көкшеге қайтып оралады.

Экспедиция құрамындағы тарихшылардың бірі Абылай ханның қара жолы солтүстік пен оңтүстікті байланыстырған ең төте жол болғандығын жеткізді. Сонымен қатар, тарихшы: «Хан оны саяси және экономикалық мүддеде пайдаланған. Жалпы Абылайға қатысты «Абылайдың қара жолы», «Абылайдың қара қосы» деген ұғымдар күні бүгінге дейін ұрпақтар санасында жаңғыра отырып жеткен. «Қара» деген сөздің өзі қазақ тілінде «қасиетті», «көне», «үлкен», тағы басқа мағыналарды беретінін ескерсек, «Абылайдың қара жолы» тіркесінің мағынасын – жалпыға мәлім даңғыл керуен жолы деп түсінуге болады»,- деп түсініктеме берді.

Кездесудің соңында Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова экспедиция жетекшісіне естелік сыйлықтарын ұсынып, Түркістанды бетке алғандарға ақ жол тіледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары